Шымкентте медициналық мекемеден 500 мың теңге бопсаламақ болған блогер ұсталды

Шымкентте медициналық мекемеден 500 мың теңге бопсаламақ болған блогер ұсталды

Шымкентте медициналық мекемеден 500 мың теңге бопсаламақ болған күдікті ұсталды. Қазіргі таңда ол сот шешімімен қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлім етті. Күні кеше әлеуметтік желілерде блогердің ақша бопсалап, ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бүгін осыған қатысты қалалық Полиция департаменті ресми мәлімет жария етті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Шымкент қалалық криминалдық полициясына шенеунік шағымданған. Ол қаладағы емханалардың бірінің дәрігерлерінен әлдебіреулер ақша талап еткенін жеткізді.

 «Ер адамның айтуынша, өзін блогер деп таныстырған бірнеше адам одан жарты миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған. Өз кезегінде олар әкімшілік ғимаратта мемлекеттік ту жыртылған бейнежазбаны таратпауға уәде еткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 194-бабы «Бопсалау» бойынша тіркеді. Сондай-ақ, криминалдық полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел шараларды қабылдап, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде қолға түсті. Күдікті азаматты ұстау барысында оның Toyota Camry маркалы автокөлігінен 300 000 теңге көлеміндегі ақша тәркіленді», - делінген Шымкент қалалық ПД хабарламасында.
Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.