Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов «Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуын бақылау барысында Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан әскери бөлімдерді аралады, - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Қорғаныс министрі «Мәтібұлақ» полигонында және Құрлық әскерлері әскери институтының оқу-жаттығу орталығында өткен жаттығудың белсенді кезеңін бақылады. Оның нәтижелері бойынша ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан әскерінің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға қатысты бірқатар нұсқаулар берді. Алматы облысының Тілендиев ауылындағы Бітімгерлерді дайындау оқу орталығының қызметі көрсетілді. Әскери басшылық полигонның әскери инфрақұрылымын дамытудың және бітімгерлерді даярлауды жетілдірудің негізгі бағыттарын белгіледі. Қорғаныс министрлігі бітімгерлерді сапалы оқыту үшін қажетті оқу-материалдық база құруды, тәжірибе алмасумен қатар, Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік әлеуетін нығайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Гвардейск гарнизонында комиссия әскери бөлімдердің күнделікті қызметін ұйымдастыруды, әскери қалашық ғимараттарының жай-күйін, объектілерді салу және жөндеу барысын тексерді. Сарыөзекте Қорғаныс министрлігінің жұмыс тобы бригадалардың жауынгерлік даярлығын ұйымдастыруды, қару-жарақ пен әскери техниканы ұстау тәртібін тексерді. Барлық гарнизондарда Президенттің оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға ерекше назар аударылды. Қоймалардың өртке және диверсияға қарсы қорғаныс жабдықтары тексерілді. Одан өзге, қорғаныс ведомствосының басшысы оқ-дәрілерді жою жағдайларымен танысты. Алматыда генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Армия үйіне барды. Ол Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова жетекшілік ететін аты аңызға айналған панфиловшылар дивизиясына арналған музейде құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Министр жеке құрамға Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубына жаңа тағайындалған бастығын – еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаны таныстырды. Министр бұл тағайындау жоғары жетістіктерге ұмтылған армия спортшыларын айтарлықтай ынталандыратынына сенім білдірді.