Алматыдағы «Ақкент» шағын ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама 101 пультіне сағат 14:30-да келіп түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп 65 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Құтқарушылар тілсіз жауды шамамен жарты сағат көлемінде ауыздықтады.
«Жетінші қабаттағы пәтердің лоджиясы өртенген. Өрттің сегізінші немесе тоғызыншы қабаттарға өту қаупі болды. Мамандар өрт шарпыған пәтерлердегі жеті адамның өмірін арашалап қалды. Тоғыз қабатты тұрғын үйден жалпы саны 65 адамды, оның ішінде жас балалы бір әйелді эвакуациялады. Өрт сағат 15:02-де сөндірілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.