Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысына қатысты. Бауыржан Байбек Елбасы, Nur Otan партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партия органдарының алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс форматы мен тәсілдерін жетілдіру бойынша нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. – Партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті мәселелер өткір талқыланып, осы бағытта заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізілетін белсенді алаңға айналды. 2019 жылдың 2-ші жартыжылдығында орталық және аймақтық деңгейде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің отырыстары өткізіліп, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сұрақтары, сонымен бірге аймақтық Кеңестердің жұмысы қаралды, – деді Бауыржан Байбек. Партия төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, осы кезге дейін құқықбұзушылықтарға жол бергені үшін партияның 196 мүшесі, атап айтқанда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің басшылары партиялық жауапкершілікке тартылған. 2019 жылдың 2-ші жартыжылдығында ғана 96 партия мүшесі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін партия қатарынан шығарылған. Бүгінде 80%-дан астам мемлекеттік қызмет автоматтандырылған, еліміздің барлық аймақтарында Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді, цифрлық технологиялар енгізілуде, бір терезе принципі бойынша құқық қорғау қызметтерінің орталықтары ашылуда. Қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру мақсатында, елімізде Nur Otan партиясы Сыбайлас жемқорлықты түйсінудің ұлттық индексін енгізген. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелеріне әлеуметтік желілерде белсенділік таныту, өз жұмысын жүйелі түрде жариялау міндеті қойылды. Бұл халықпен тиімді кері байланыс арналарын құруға мүмкіндік бермек.