Бюрократиядан арылу дегеніміз – жаңа ұйымдастырушылық мәдениетті қалыптастыру
Бюрократиядан арылу дегеніміз – жаңа ұйымдастырушылық мәдениетті қалыптастыру
808
оқылды
«Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» - Президентіміздің жарлығы мемлекеттік аппарат қызметінің жеделдігін арттыратыны сөзсіз. Қазіргі уақыттағы өзекті сын-қатерлерге төтеп беру үшін, мемлекеттік аппарат тез шешім қабылдап, оны тез орындау жағдайын қарастырғаны ләзім. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар регламентіне сүйеніп, нәтижеге қол жеткізудің орнына, бастысы регламентті қатаң сақтауды бірінші орынға қоятыны жасырын емес. Бұл өз кезегінде жұмыстың бюрократияға салынуына жол ашады. Ұзақ жылдар жергілікті атқарушы және өкілді органдарда қызмет еткен іс-тәжірибемнен ұққаным, жоғарғы орталық органдарға уақытында есеп беріп отыру қызметіңнің көрсеткіштерінің бірі. Осыған орай құжат айналымы мен есептілікті қысқарту туралы жарлықтың талаптары көңілімізге қонады. Немесе мемлекеттік органдардың құзыреттерін, функциялары мен өкілеттіктерін шамадан тыс нақтылау, кейбір жағдайларда нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеусіз қабылдау ерекше тәртібін енгізу туралы жолдарды толық қолдаймын. Мысалы төртінші деңгейлі бюджет енгізілген соң оны аудандық мәслихат сессиясында бекітуге бір ай уақыт жойып жүрдік. Яғни облыстық бюджет бекітілген соң, аудандық бюджет бекітіледі, одан кейін барып ауылдық округ бюджеттері бекітіліп, мемлекеттік тіркеуден өткенше барлық жұмыстар (байқау жариялау және тб.) тоқтатылып тұратын. Осы мәселені сан жылдар көтергенімізбен, тек соңғы бір-екі жылда ғана ол шешімін тапты. Жергілікті жерлердегі саны көп консультативтік кеңесші органдардың шамадан тыс көптігі, олардың негізгі жұмысы тоқсан сайын отырыс өткізу екендігі көптен айтылып жүрген мәселе. Ендігі уақытта олардың санының екі есе қысқартылуы өте құптарлық жайт. Кеңестерді белгілеу мен өткізудің негіздерін нақты регламенттеу, кеңестерді жоспарлау мен жүйелеуді цифрландыру, кеңестерді бейнеконференцбайланыс және онлайн өткізу де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бір жиналыстан шығып, келесісіне қатысып, өз жұмыс орнына түс ауа жететін мемлекеттік орган басшылары жеткілікті. Барлық жиындарды жүйелеп, жұманың басында тапсырмалар беріліп, жұманың аяғында атқарылған жұмыстарды саралап, алға мақсаттар белгілеу дұрыс па деп санаймыз. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін кеңестер мен жиналыстарды азайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу үшін, солардың ортасында болу, сұрақтарына құлақ түру, тез шешілуіне ат салысу – бүгінгі мемлекеттік қызметкердің басты міндеті деп ойлаймыз. Тек бюрократиядан арылу, ашықтық пен жариялылық алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бермек.   Мейрамбек ҚҰЛШАР, Парламент Мәжілісінің депутаты