Қайғы жұтқан отбасына жаңа үй «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен сатып алынды. Оған жергілікті әкімдік өкілдері көмек сұрап жүгінген, – деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметі. Өтінішті операторлар жедел қарастырып, Қордың Қамқоршылық кеңесі мен Басқармасы көмек көрсету туралы шешім қабылдайды. Мұқтаж отбасына баспана алу үшін 10 млн теңге бөледі.
«Қазір отбасы жаңа үйге көшті, бірақ бұл олардың қайғысын жеңілдетпейтіні түсінікті. Дегенмен, қайғы жұтқан ата-ана жалғыз баласымен туыстарының үйін паналап жүруге мәжбүр еді», – дейді Амангелді ауылының әкімі Гауһар Жанділдина.«Қазақстан халқына» қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғын үй сатып алуға қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім тосыннан болған қайғылы оқиғаға байланысты бір реттік ерекше жағдай ретінде тіркеліп отыр. 31 наурызда Амангелді ауылындағы жеке тұрғын үйден өрт шығып, 2016, 2019 және 2020 жылы туған үш бала көз жұмды.