Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен бюро отырысында 21 сәуірге жоспарланған палата отырысының күн тәртібі бекітілді. Бейсенбі күні өтетін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралатын болады. Заң жобасының мақсаты – Қазақстан Үкіметі мен Түркі академиясының өзара іс-қимыл тәртібін реттеу. Құжат Қазақстан Республикасындағы қызметі кезеңінде Түркі академиясы қызметкерлерінің мәртебесі мен құқық субъектілігін, құқық қабілеттілігі мен құқықтық мәртебесін және тағы да басқа жайттарды анықтауды көздейді. Бюро отырысында сонымен қатар пысықтау жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін бұрын Мәжілісте мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.