Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында Әділет министрі Қанат Мусин 4 бастамашыл топтың партия құруға қатысты құжаттары қаралып жатқанын айтты. 2019 жылдан бері жалпы саны 10 бастамашыл топ саяси партияларды тіркеуге құжат тапсырған екен. Оның үшеуі бірінші кезеңнен өткен. Ал екі партия жарты жыл бұрын растау алғанымен, партия құру бағытында одан ары жұмыс жүргізбеген. «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек» партиялары бойынша бірінші кезең деңгейінде жұмыс жүргізілуде. Яғни, партия құру ниеті туралы хабарлама алынғаннан кейін заңға орай тексеру жасалады. Мұны бірнеше рет айттым. Кемінде 1 мың адам болуы тиіс бастамашыл топ мүшелерінің арасында ЖСН-ы дұрыс емес немесе ЖСН-ы атына, тегіне әкесінің атына сәйкес келмейтін тұлғалар бар. Өкінішке қарай, қаза тапқан азаматтар, сонымен қатар өзге партияның мүшелері анықталды. Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары бір ғана партияға мүше бола алады. Сол себепті ол басқа партияның құрылуына қатыса алмайды. Бұл адамдар тізімнен шығарылатындықтан, бастамашы топтың мүшелерінің саны азайып, заңмен бекітілген шектен төмен түсіп кетеді. Осы кемшіліктердің бәрін жойғаннан кейін бастамашы топ құжаттарын қайтадан өткізіп, бұдан кейінгі кезеңдерге өтуге үміткер бола алады», – деді Қанат Мусин. Қазір Әділет министрлігінің қарауында 4 партияның құжаты жатыр. «Халық дербестігі» партиясы екінші кезеңге өтіп, заңға сәйкес партия ретінде құрылтайшылық съезін өткізуге дайындалып жатыр.