Дүниежүзілік туристік ұйым 2021 жылды «туризм тарихындағы ең ірі күйзеліс жылы» деп атады. Өйткені халықаралық туризм 85%-ға құлдырап, 460 миллион туриске азайған. Ал пандемия салдарынан отандық туризм миллиардтаған шығынға батты. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев отандық туризмді дамыту және салада болған тың өзгерістер жайында баяндаған. Оның айтуынша, бүгінде бұл бағыт белсенді түрде жанданып, тамырына қан жүгірген. Мәселен, шетелдік туристердің орналасуын есепке алуға мүмкіндік беретін E-Qonaq бағдарламасын іске қосу ұтымды шешімдердің бірі болды. Жаңа жүйе елге келген саяхатшылардың нақты санын біліп, шынайы дерек құруға жол ашты. Министр елдегі бизнестің инвестициялық белсенділігі қарқынды түрде өсіп келетінін айтады. Тек соңғы 3 жылда ғана Қазақстанның 10 өңірінде 270-тен астам жаңа жоба іске қосылды. Ел аумағында инвесторлар құйған қаржыға әлемге танымал қонақүйлер мен заманауи ғимараттар көптеп бой түзеуде. Осылайша, өзімізде Rixos Turkistan, Hampton by Hilton қонақүйлері, Tetysblu паркі, Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешені сияқты сауық құру нысандары пайда болды. – Елімізде туризм саласы бойынша 60 мың жұмыс орны ашылады. Бағалау сомасы 1,5 трлн теңге 46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап турдестинация инфрақұрылымының алғашқы ондығының жалпы қажеттілігінен 97 жобаны жүзеге асыруға түрлі бағдарламалар мен жоспарлар бойынша 140,4 млрд теңге бөлінді, – деді Дәурен Абаев.
Мінсіз бағдарлама, жауапсыз жұмыс
Бұл туризмге бөлінген алғашқы миллиардтар емес. Ел тәуелсіздігін алғалы туризмді дамытуға көптеген бағдарлама қабылданды. Алайда бөлінген қаржы желге ұшқандай. Жөнделмеген жол, дамымаған инфрақұрылым мен шалажансар сервистің сапасы сын көтермейді. Ендеше бөлінген қаржыны ақтауға ішкі туризмнің әлеуеті жете ме? – Туризм саласын басқарып отырғандар қай аймақта нақты қандай туризмді дамыту керек екенін білмейді. Себебі олар туризмді дамытуға сарапшыларды тартқан жоқ. Туризмнің әлеуетін айта бергеннен жағдай жақсарып кетпейді. Сондықтан нақты іске көшіп аймақтық туризмді қолға алу керек. Халықтың басым бөлігі қалада тұрады. Ауылдағы агротуризмді дамытсақ қарапайым тұрғындардың да жағдайы жақсарар еді, – дейді география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев. Иә, әлемде туризм арқылы табыс тауып отырған елдер көп. Мысыр, Түркия, Қытай, Гонконг, Тайланд пен Грузияға баратын әр турист сол елдің экономикасын көтеруге үлес қосады. Тіпті, туристік курорттар орналасқан жергілікті аймақтың тұрғындары да жұмыспен қамтылған. Қазақстан 2025 жылға қарай туризм үлесін ішкі жалпы өнімге шаққанда 8 пайызға арттыруды көздеп отыр. Салыстырып айтар болсақ, Испанияда бұл көрсеткіш – 11 пайыз. Оларға жыл сайын 82 млн турист барады екен. Бұл орайда Франция – бірінші орында. Франция еліне 90 млн қонақ баратын көрінеді. Ал елімізге 2 млн шетелдік келеді. Қызығушылығы оянып, елге ынтыға, ұмтыла жеткен туристі бізде не күтеді? Біріншіден, сапасы төмен туристік инфрақұрылым, бағасы негізсіз қымбат, қызметі нашар қонақүйлер, курорттар, мәдени ойын-сауық нысандары (Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингі бойынша 127-орында), екіншіден, жете дамымаған, билеті қымбат әуеқатынасы (123-орын), үшіншіден, ойқы-шойқы, сапасы сын көтермес жолдар (106-орын), төртіншіден, автомобильдерді жалға беру бойынша компаниялардың жетіспеушілігі, каршерингтің жоқтығы секілді қаптаған проблемаға жолығады.Жолдың жыры бітпеді
Шынымен де, ең бірінші демалатын орынға жеткізетін жолдың жақсы болғаны қажет. Қос бүйрегіңді түсірердей қозғап, селкілдеп баратын демалыс орындарынан ел қашады. Оған қоса көлікке де обал. Темір тұлпарын әйелінен артық көретін ер адамдар ондай жерге тіпті де аяқ баспайды. Жол соғып демалған демалыстың да мәні қалмайды. Өйткені қайтқанда тағы да жол соғатынын білесің. Соңында достарыңа «Баратын жер емес екен» деп қайтарың да анық. Сондықтан туризмді дамытамыз десек, ең әуелі тақтайдай түзу жол қажет.P.S. Туризм – тек елді танытатын имидж емес, халықты жұмыспен қамтитын маңызды экономикалық сектор. Ендеше шетелден қонақ тартамыз деп, сапасыз саламызбен «ұятты» болғанша, әуелі туристік аймақтарымыздың әлеуетін арттыруымыз керек.