Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан үш облыс құру (Абай, Жетісу, Ұлытау) туралы бастамасын сол аймақтың тұрғындары қуана қабылдады. Қазір Шығыс Қазақстанда екі облысты бөлуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Әрине, екі облыс бөлінген соң басқармалар мен департаменттерге, республикалық мекемелердің филиалдарына ғимарат қажет болатыны айтпаса да түсінікті. Семейде жаңадан ашылатын мекемелерге ғимарат іздеу жұмыстары басталып та кеткен секілді. Басталғанда қалай басталды десеңізші?! 12 сәуірде жергілікті әлеуметтік желілерде қаладағы Геодезия және картография колледжінің бір топ студенттерінің жиналып «Біз қарсымыз!» деп айқайлаған видеосы тарап, бұл тақырып сол күні қызу талқыланды. Олардың қарсымыз деп шыр-пыр күйге түскені – колледждің оқу корпустары жаңадан құрылатын Абай облысының күштік құрылымдарының біріне берілмек болған екен. «Пагон таққан азаматтар ғимаратты қарап, аралап, көріп шығыпты. Мұндай идея кімнің ойына келді екен? Президентіміз «Жаңа Қазақстан құрамыз, жаңа облыстар ашамыз» деп жатқанда, бұл Мемлекет басшысының бастамасына немқұрайлы қарау емес пе?», – дейді колледж түлектерінің бірі Димаш Төлебаев. Сол күні осыған ұқсас пікірлер көп жазылды. Бұл шешімді қолдағаннан гөрі қарсылық танытқандардың қатары көп болды. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, колледждің басшылығы да осындай сөздің болғанын жоққа шығармады. Колледжге уақытша құрылыс колледжін паналауды ұсынғанын, бірақ оқу корпустарының нақты қай ведомствоға берілетіні әзірге белгісіз екенін жасырмай айтты. «Қазір жағдай бұлыңғыр. Ешкім ешқандай шешім шығарған жоқ, бұйрық, қаулы қабылдаған жоқ. Бүгін облыстық Білім басқармасы барлық колледждермен жиналыс өткізді. Қазір осының бәрін талқылап жатырмыз – мүмкін, ғимараттарды жөндеп, қайта жабдықтауды олар тиімсіз деп табар», – деді колледж директоры Қаныш Төлеуов республикалық сайттардың біріне берген сұхбатында. 12 сәуірде кешке қарай облыстық Білім басқармасы бұл мәселеге байланысты түсініктеме берді. «Қазір Білім басқармасы Абай облысының құрылатынына байланысты колледждің материалдық-техникалық базасына сараптама жүргізіп жатыр. Сыбыстың тарауы осымен байланысты шығар. Колледжді жабу немесе оны басқа колледжге қосу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Студенттер сәйкес мамандықтары бойынша диплом алады. Семейдегі барлық колледж облыс қана емес, республика бойынша маңызды кадрларды дайындап жатыр. Студенттердің ата-аналарына алаңдауға негіз жоқ», – деді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмәділова. Сол күні Семейдегі басқа да колледждер мен мектеп ғимараттары жаңадан құрылып жатқан Абай облысының әкімдігіне қарайтын құрылымдарға берілуі мүмкін деген ақпарат та тарады. Технология колледжі мен музыка мектебі оқушыларының ата-аналары мен мектеп ұжымы алаңдаушылығын білдіріп: «Қаладағы ең ірі, 75 жылдық тарихы бар нысанды қалай ғана бере салмақ? Президентіміз 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады емес пе? Сонда балаларға жасаған сый-құрметіміз осы ма?» деп жазды. Бұған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов: «Семей қаласындағы мектеп болсын, ол мейлі шығармашылық, музыкалық бағытта болсын, тіпті колледждің кез келген ғимаратын ешкім босатып бермейді және оларды ешкім тартып алмайды. Бізде жаңадан құрылатын мекемелерге орындар жеткілікті. Сол себепті алаңдауға еш негіз жоқ», – деп жауап берді. Айта кетейік, Семейде 32 колледж бен 8 жоғары оқу орны бар. Ал 1946 жылы іргетасы қаланған Геодезия және картография колледжі – «геодезия және картография» мамандығы бойынша маман даярлайтын республикадағы жалғыз орта кәсіптік білім беретін оқу орны. Осы уақытқа дейін білім ошағы 18 мыңнан астам маман даярлапты. Колледж түлектері Қазақстанда ғана емес, Ресей, Бангладеш, Үндістан, Түркия елдерінде еңбек етуде. Бүгінде мұнда 440 студент оқиды. Айтпақшы, әлеуметтік желіде ғимарат іздеп, білім нысандарына көз салғандарға ғимарат тізімін ұсынғандар да болды. Семейлік қоғам белсендісі Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, Шәкәрім университетінің Ә.Тәңірберген көшесіндегі оқу корпусында, бұрынғы Қазынашылық департаментінің ғимаратында, Достаевский көшесіндегі әкімшілік ғимаратта, Абай көшесіндегі студенттер үйінде, Абай атындағы кітапханада, бұрынғы «Еңлік-Кебек» кинотеатрында бос орын бар. «Мен мұны неге айтып отырмын? Біріншіден, бұл нысандар мемлекет меншігінде. Демек, сатып алудың қажеті жоқ. Екіншіден, орталық алаңда, әкімдікке жақын орналасқан», – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Шығыс Қазақстан облысы