Қазақстанның мұғалімдері қиын сынақтан өтіп жатыр. Жүйке жұқарып, тән шаршайтын шақ. Алматыдағы Көлік және логистика академиясында Ұлттық біліктілік тестін (ҰБТ) тапсыру кезінде педагог қайтыс болды. Сынақтан өту барысында ер адамның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем жеткенше жантәсілім етті. Бұл суыт хабарды мұғалімдер қауымы ауыр қабылдады: ғаламторда көңіл айтты әрі сынақтың шамадан тыс күрделі екеніне шағымданды. Мысалы, жарты сағатта ғылыми эссе жазу талап етіледі екен. Педагогтер тағы қандай қиындықтарға кезікті?
Бірер сағат мұғалімнің тағдырын айқындайды
Биылғы 11 сәуірде республика бойынша педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуі басталды. Ол 29 сәуірге дейін жалғасады. Тестілеуге өтініштерді қабылдау 5 сәуірде бастау алып, бір аптаға ғана созылды. Үлгергені үлгерді, үлгермегені сырт қалды. Ресми түсініктемеге сенсек, біліктілік тестілеуі еліміздегі әрбір мектеп мұғалімінің, сондай-ақ болашақ ұстаздардың білім деңгейін, сондай-ақ оқу пәнінің оқыту әдістемесін қаншалықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ҰБТ-ға мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, яғни мини-орталықтар мен балабақшадан бастап, мектеп, кешкі мектеп, гимназия, лицей, қосымша білім беру ұйымдарының және колледждердің педагогтері, білім беру ұйымдарының әдіскерлері, басшы-директорлары, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің соңғы курс студенттері қатысады. Педагогтер үшін тестілеудің жалпы уақыты – 210 минут. Пәндік білім негіздері, математика, физика, химия, информатика пәндері бойынша тесттен өтетіндер үшін – 240 минут (4 сағат). Ал «Мектепке дейінгі білім беру» және «Қосымша білім беру» бағыттары үшін – 120 минут (2 сағат). Осы науқанды өткізуге жауапты оператор – БҒМ-нің Ұлттық тестілеу орталығы жариялап, таратып жатқан постерлерде, үгіт-насихат материалдарында күлімдеген ұстаздар бейнеленген. Шынында, педагогтердің күлімсірейтін, әлденеге мәз болатын жағдайы жоқ. Егер тестіден құласа, табысы төмендейтін көрінеді. Қатты уайымдады ма, кім білсін, 14 сәуір күні Алматы қаласының Көлік және логистика академиясы ғимаратында тестілеуді тапсыру кезінде педагог қайтыс болды. Егде тартқан емес, 1973 жылы туған, елуге де толмаған, қылшылдаған азамат. Полиция мән-жайды анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындады. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіні аралап кетті. Оны алғаш болып орналастырған Instagram пайдаланушының түсіндіруінше, көз жұмған адам біліктілік тестілеуін тапсыруға келген жекеменшік мектептің бірінің мұғалімі болған көрінеді. Содан тесттің басталғанына жарты сағаттай ғана уақыт өткенде ер азамат өзін күрт нашар сезініпті. Маңызды іс-шара өтіп жатқан нысан ішінде дәрігер болмай шыққан. «Алғашқы медициналық көмекті ешкім көрсете алмады, ер адам жедел жәрдем келгенше дүние салды», – дейді кадр сыртындағы әйелдің дауысы. Алматының Полиция департаменті тестілеу кезінде адамның қайтыс болу фактісін растады. Бұл дерек Алмалы ауданының Полиция басқармасында тіркеуге, тергеуге алынды.БҒМ қаламайтын ұстазды қыстамайды
Қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берген Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова марқұмның туған-туыстарына және әріптестеріне көңіл айтты. Ол Алматының Білім басқармасы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсететінін уәде етті. «Әріптесіміздің созылмалы дерті болғаны белгілі болды, ол жүрек ауруы бойынша есепте тұрған. Білім саласының өкілдері марқұмның жақын-жуықтарымен жүздесті. Олардың әңгімелеуінше, әріптесіміз соңғы кезде өзін нашар сезініпті. Тест тапсыратын күні таңертең денсаулығы сыр берген, содан жақындары үйде қалуға кеңес беріпті. Еске сала кетейін, егер педагог өзін жайсыз сезінсе, тестілеуге бармауына немесе одан өтуді кейінге қалдыруына мүмкіндігі бар», – дейді министрдің бірінші орынбасары Шолпан Таңатқызы. Оның мәліметінше, марқұм мұғалім педагог жұмысына тек 2020 жылғы 1 қыркүйекте алғаш рет кірісіпті. – Сондықтан жаңа бастаған педагог ретінде еш категориясыз жұмыс істеген. Тиісінше, оған аттестаттаудан өтудің қажеттілігі жоқ еді. Біздің ақпаратымыз бойынша ол мұғалім өзін сауатты, талантты педагог ретінде көрсете алған. Туыс-туғандарының айтуы бойынша ол өз біліміне, сынақты тапсыратынына сенімді болған. Сол себепті ҰБТ-ға мерзімінен бұрын, ертерек тіркелген. Қазір біз педагогтердің аттестаттаудан жаппай мерзімінен бұрын өтуін бақылап отырмыз. Негізі, бұл міндетті рәсім емес. Алайда педагогтер қаржылық жағдайын жақсарта түсу үшін соған барады, – деді Шолпан Қаринова. Мұғалім 5 жылда бір рет тест тапсырады. Әлеуметтік желіде бірнеше мұғалімнің аттестацияға бола өзіне-өзі қол салғаны туралы хабар тарады. БҒМ басшылығының өкілі оны «фейк», жалған ақпарат деп отыр. Бірінші вице-министр педагогтің біліктілігін растау рәсімі дәл қазір ойлап табылған нәрсе емесін, бұрыннан барын ескертті. Оның байламынша, өз білімін жыл сайын кемеліне келтіріп, жетілдіріп отыратын мұғалімдерге 5 жылда 1 рет біліктілігін растап отыру еш қиындық тудырмайды. Оның үстіне, егер педагог аттестаттаудан өтуден бас тартса, жұмысынан айырылмайды, кәсібін жалғастыра береді. [caption id="attachment_192695" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ал аттестацияның нәтижесі тек оның алатын табысының көлеміне ғана ықпал етеді. Бұған қоса, мұғалімдерге арналған ҰБТ-ның өзі жылына 2 рет ұйымдастырылып тұрады. Демек, бір рет құлаған педагог білімі мен күшін жинақтап, емтиханды қайта тапсыра алады екен.Эссе дегені естен тандырады
Педагогтер тест тапсырудан қашпайтынын, тек оның талаптарының түзелгенін қалайтынын жеткізді. Мектепте 23 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Гүльмира Нысанбаеваның пайымдауынша, педагогтерге арналған ҰБТ-ның бірқатар олқылығы бар. Біріншіден, жаңа шекті балдарды қайта қарап, төмендету керек, өйткені олар тым жоғары. Екіншіден, эссе жазуды алып тастаған абзал: оған дайындалуға көп уақыт кетеді, ақыр соңында тестілеу кезінде эссе жазуға небәрі 30 минут беріледі. Сондай-ақ эссе жазу міндетті болғанымен, ол бағаланбайды екен. Салдарынан тапсырушы сол үшін босқа уайымдап, арамтер болады. Үшіншіден, мұғалім болып, 25 жыл еңбек еткендерді «салаға еңбегі сіңген маман» ретінде аттестациядан өтуден босату қажет деп санайды. Соңғы ұсынысты педагог Гүлнар Өскенбаева да қолдайды: «Бұл бір шешімі жоқ жұмбақ. 25, тіпті 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерді аттестациялап, білім-біліктілігін анықтауға тырысудың өзі күлкілі емес пе? Сонда министрлік сонша жыл мектепте үзбей білім беріп жүрген мұғалім білгенін ұмытып қалды ма, ұмытпады ма, соны анықтай ма? Егер шынымен ұмытып қалады деп санаса, онда мұғалімнің білімін емес, денсаулығын тексеру керек шығар?!» – дейді ол. Ардақ Әлімбайдың айтуынша, пән мұғалімдері біліктілік тестілеуінде тек өз пәні бойынша 100, қажет болса 150 сұраққа жауап беруге дайын. Ал әдістемені алып тастауды сұрайды, оны мұғалімдер жеке курс есебінде өтеді. «Пән маманы өз пәнін 100% білсе жеткілікті емес пе?!» дейді ол. – Біліктілік тестілеуіне наразымын, мұғалімді бұлайша қорлауға бола ма?! Бұл аттестаттау педагогтің таяудағы 5 жылдағы материалдық әл-ауқатын айқындайды. Қойылатын сұрақтардың сапасы төмен. Тапсырып болғанша педагог тозақтың тезінен өтеді. Оған өзім куә болдым. БҒМ-нің не себепті эссе жазуды талап ететінін түсінбеймін. Ол ешқандай рөл атқармайды. Әу бастан алгоритмді дұрыс ойластырулары қажет еді: алдымен педагог тест тапсырсын, білім деңгейін көрсетсін, оған нәтижесі хабарлануы керек. Егер жинаған балдары бойынша онсыз да өтінім берілген категорияға өтпейтін болса, оны бірнеше сағатқа созылатын тестілеуден соң тағы эссе жазғызып қинаудың қажеті қанша?! – дейді Алматыдағы мектеп-гимназияның мұғалімі О.Астафурова. Ол ұстаздың бейінді пәні мен педагогика бойынша балдарды қосуды ұсынады. Өзі «эксперт» санатына тапсырыпты, төл пәнінен жақсы өткен, алайда педагогика бойынша сарапшыға 2 балы ғана жетпей қалыпты. «Бүгін сен «педагог-шеберсің», ал тестілеуден кейін жай ғана «педагог» болып қаласың, бұл жерде төл жетістіктерің де, шәкірттеріңнің жетістіктері де есепке алынбайды», – дейді ол.Сауатты ұлттың тағдыры педагогтің қолында
Жасыратыны жоқ, мектептердегі педагогтердің үлкен бөлігінің біліктілігі төмен екеніне ата-аналар жиі шағымданады. Мысалы, кеңес кезінен бері ұзақ жыл бала оқытып келе жатқан, аттестаттаудан өтпеген педагогтер бар. Олар жаңа, заманауи білімді игеруге асықпайды. Көбіне кітапта жазылғаннан аспайды, жаңа білім өрістеріне баспайды. Ең жаманы – кеңес заманында оқып-білгенін қазіргі ұрпаққа таңуы мүмкін. Мысалы, Ақмола облысының біріндегі мектепте мұғалім валеология орнына Інжілді оқыған деген әңгіме бар. Бүгінде педагогтер жақсы жалақы алатыны мәлім. Ендеше олардың білімі де жоғарғы табысына сай болғаны жөн. Әйтпесе, ел педагогтердің мәртебесі мен еңбекақысын көтерудің қайтарымын байқамай отыр: Қазақстанның білім саласындағы халықаралық рейтингтері құлдырады. – Педагогтің біліктілігі балалардың біліміне және оларды оқыту сапасына тікелей әсер етеді. Педагогтердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Сонымен бірге қоғамның, ата-аналардың талабы да артты. Сондықтан педагогтердің біліктілігін тексеру құралдары ұдайы жетілдіруді талап етеді. 2018 жылға дейін аттестаттаудың басқа жүйесі қолданыста болды. Екінші, бірінші және жоғарғы категориялар тағайындалатын. Сәйкесінше, 5 мыңнан 17 мың теңгеге дейін үстемеақы төленетін. 2018 жылдан бастап аттестацияның жаңа жүйесі енгізілді және ол педагогтердің еңбекақысын шеберлігінің деңгейіне қарай ондаған, тіпті бірден жүз мың теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік берді, – дейді Ш.Қаринова. Ұстаздардың сынына жауап берген бірінші вице-министр олардың тапсыратын тест сұрақтары тек мектеп бағдарламасынан ғана алынғанына сендірді. Жоғары оқу орны деңгейіндегі бағдарлама емес. «Бұл – мемлекеттік білім беру стандартының ең төменгі талаптары. Мұғалім дәл сол бағдарлама бойынша күн сайын оқушыларын оқытады. Педагогтерден тестілеу кезінде бөгде ештеңе сұралмайды. ҰБТ – әр мұғалімнің өз пәнін қаншалықты білетінін паш ететін емтихан. Оны бір рет қана тапсырған педагог 5 жыл бойы жалақысына үстемеақы алып тұрады. Өкінішке қарай, егер мұғалім өз пәнін нашар білсе, емтиханды да нашар тапсырады. Салдарынан балалардың білімі де сын көтермейтін деңгейде болады. Бұған жол беруге болмайды», – деді Білім және ғылым бірінші вице-министрі Ш.Қаринова. БҒМ педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстар ары қарай жалғасатынын мәлімдеді.