Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ерекше балалардың ата-аналарымен онлайн-форматта кезекті кездесу өткізді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің сайты хабарлады.
Жиында облыстық басқармалар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен білім алу, медициналық көмек көрсету, мәдениет мекемелеріне бару және денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы мәселелері талқыланды.
Алдыңғы кездесуде ата-аналардан келіп түскен мәселелер бойынша өңір басшысы бірқатар тапсырмалар берді. Қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы ведомство басшылары баяндады.
– Ата-аналардың өтініші бойынша сауалнама әзірленді, ол Google жүйесі арқылы екі тілде өзектендірілді, – деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова. – Сауалнама нәтижелері талданды. Ата-аналармен кездесуде қорытынды жасалып, білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Мамыр айында барлық проблемалық аймақтар бойынша қайта сауалнама жүргізіледі.
Сондай-ақ аутизмі бар балаларға арналған орталық өз жұмысын 1 қыркүйекте бастайды. Қарағандыда тағы бір ПМПК-ның ашылуы балаларда дертті ерте анықтауға мүмкіндік берді.
Колледждерде оқуын жалғастыра алмайтын түлектер үшін оныншы өндірістік сыныптар ашылды. Онда жабдықтар жаңартылды, сондай-ақ аграрлық, тігін және слесарлық оқыту үшін қажеттінің бәрі сатып алынды.
Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін мамандар даярлау жалғасуда. Мамыр айында 600-ден астам мұғалім мен 60 ата-ана қосымша оқудан өтеді. Ресей академиясының бейімделген дене шынықтыру бойынша онлайн курстары басталады. Оларға 10 жаттықтырушы барады.