– Андрей Викторович, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов жақында Семей өңіріне жұмыс сапарымен келгенде өзіңіз ашқан GOLD KING спорт клубында тегін жаттығатын мүмкіндігі шектеулі спортшылармен жүздескен еді. Кездесу қалай өтті?
– Шынымды айтсам, ол кісі жаттығу залына келіп, осындай жылы рәуіштегі, еркін форматтағы кездесу болады деп ойламаған едім. Қарапайымдылығы ұнады. Бәрінен де біздің спорт залымызға келіп жаттығу жасайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көңілдері көтеріліп, бір марқайып қалды.
– Он екі мүшем сау кезде боксқа бардым. Омыртқамды зақымдаған соң бес жыл үйден шықпадым. Көп уақытым төрт қабырғаға телмірумен өтті. Ешкіммен сөйлеспедім, ешкіммен араласпадым. Мұнда келіп басқа адамға айналғандай болдым. Өмірім өзгеріп сала берді. Күшім толығып, ауру-сырқауым азайды. Ең бастысы, бұл жерден тамаша достар таптым.– Қателеспесем, өзіңіз ашқан спорт клубының қалада бірнеше филиалы бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар соның бәрінде жаттыға береді ғой? – Әрине, оған ешқандай шектеу жоқ. Біздің залдарға арбада отыратын жандар ғана емес, көзі дұрыс көрмейтін, құлағы жөнді естімейтін кісілер де келеді. Мәселен, Андрей Москалев көзі нашар көрсе де, спорт залында керемет нәтиже көрсетті. Аз уақытта спорт шеберіне үміткер болды. Осы жерде айта кетейін, 2017 жылы біз мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатын өткіздік. Еліміздің түкпір-түкпірінен 96 спортшы қатысты. Бұл – Шығыс Қазақстанның тарихындағы алғашқы чемпионат. – Андрей, өзіңіз туралы бірер сөз айтыңызшы. Осы спорт түрімен қай уақыттан бері шұғылданасыз? – Әкем Виктор талантты балетмейстр болды. Бала кезімде үш жылдай биге қатысқаным бар. Сөйтіп жүргенде бір күні «Денсаулық» деген журналға көзім түсті. Темір көтеретін культуристердің суреті басылған екен. Сол суреттен басталды бәрі. Кейін әскерде болғанда темір көтердім. Тоқсаныншы жылдары құрылыста жүріп, штанга орнына бетон құйылған шелектерді темірге іліп көтерген кездер де болды. Оның бәрі өтті, кетті. 2009 жылы көптен бергі арманымыз жүзеге асып, жұбайым Марина екеуміз GOLD KING спорт клубын аштық. Әлі есімде, 2011 жылы Өскеменде пауэрлифтингтен өткен облыстық чемпионатқа 65 адамды апардым Семейден. 50 медаль алып қайттық. Келесі жылы өзім Алматыда болған Азия чемпионатында топ жарып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. – Азия чемпионаты демекші, жұбайыңыз Марина да Азия чемпионы ғой. – Иә, жан жарым Марина Алтайбаева да пауэрлифтингпен шұғылданады. Азия чемпионы. Үлкен ұлым Вадим осы спорт түрінен спорт шебері. Кіші ұлым Андрей де менің жолымды жалғастырды, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. – Әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан – Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы