Алматының маңынан қару салынған сөмке табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қару жасырылған жер шаһардың Алатау ауданындағы кірпіш зауытының жанынан табылды.
«Оқ-дәрілер мен қару-жарақ үлкен спорттық сөмкеге ұқыпты салынған. Сонымен қатар, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық жолмен алынған оқ өтпейтін кеудеше мен темір қалқан табылды. Сөмкеде граната, 4 тапанша, мылтық, 2 кесілген шолақ мылтық, әртүрлі калибрлі 287 патрон жасырылған. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәркіленген арсеналға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Сондай-ақ қару жасырынған жердің иесін анықтау бойынша кешенді жедел және арнайы шаралар жүргізілуде», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.