Шымкент маңында жол апатынан белгілі волонтер қайтыс болды
Шымкент маңында жол апатынан белгілі волонтер қайтыс болды
Фото: instagram/hochu_domoy_2021
334
оқылды
18 сәуір күні кешкісін Шымкент маңындағы жантүршігерлік жол апатынан белгілі волонтер қайтыс болды.  Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады. Телеарна мәліметінше, Алматы-Шымкент тас жолында жоғары жылдамдықпен келе жатқан жолаушылар мінген минивэн жүк көлігімен соқтығысқан. Toyota Alphard жүргізушісі Шымкентке жақындай бергенде жол апатына ұшыраған. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші қашықтықты сақтамаған.
Жолаушылардың бірі жедел жәрдем көлігінің ішінде жан тапсырған, тағы алтауы аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша,  екі адам  жансақтау бөліміне жатқызылған. Біреуі алғашқы медициналық көмектен соң үйіне жіберілген. Ал көлік жүргізушісі жеңіл жарақаттанған, тек қатты есеңгіреп қалған көрінеді. Жол апатының себебін  қазір полиция анықтап жатыр.
Қайтыс болған әйел Алматыда белгілі волонтер, жануарлар құқығын қорғаушы Гауһар Серік екені анықталды. Бұл туралы еріктілер қозғалысының өкілдері әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялады.
"Бүгін қайғылы оқиға болды. hvostiki_i_my парақшасының волонтері Гауһар қайтыс болды. Жас, сұлу қыз, аяулы ана, жүрегі кең, жаны мейірімді Гауһар үш жасар кішкентай ұлын қалдырып кетті. Гауһар көп жануардың өмірін сақтап қалған тамаша адам.  Оның арқасында жүздеген жануар өмір сүріп жатыр. Отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Біз сіздермен бірге қайғырамыз", — делінген хабарламада.