Өскеменде пәтерде токқа қосылған смартфоннан өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды. 18 сәуірде сағат 23.30 шамасында Чернова көшесінде өрт болған. Көпқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерде жиһаз, терезе және есік блоктары, жеке заттар жанып кетті. Қауіпсіздік мақсатында №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 6 тұрғынды эвакуациялады. Зардап шеккен ешкім жоқ. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 45 шаршы метрді құраған. Пәтер иесінің айтуынша, ол үйден кетіп бара жатып ұялы телефонды токқа қосып кетіпті. Қайтып оралғанда пәтер іші отқа оранған. Осы ретте құтқарушылар өңір жұртшылығына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.