IPO шындыққа айнала ма?
IPO шындыққа айнала ма?
Бұған дейін акцияларын қарапайым халыққа сатудан қашқақтап келген ірі компаниялар биылдан бастап жария нарыққа шығатын болды. Егер кезекті құр сөз болып шықпаса, «ҚазМұнайГаз», Air Astana, KEGOC және QazaqGaz компаниялары IPO-ға шығуы тиіс. Бұл туралы Президентке Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің жиынында «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндаған болатын. Оның айтуынша, сол арқылы Ұлттық қорға 500 млрд теңге түседі екен. Әйтсе де, IPO-ның іске асатынына бұл жолы да күмәнмен қараушылар бар.

Жөні бөлек жиын

Наурыз айының аяғында «Самұ­рық-Қазына» қорында Қо­ғамдық кеңестің кеңейтілген оты­рысы өтіп, онда осы IPO мәселесі және өзге де тәсілдер арқылы бә­секелес ортаға беруге ұсынылған қор активтерінің жаңартылған тіз­бесінің жобасы қаралды. Тізім­дегі компаниялардың саны 2,5 есе өсіп, 253-ке жеткені хабарланды. Олар – холдингтік компаниялар ғана емес, сонымен қатар капитал­дандыруы төменірек кәсіп­орын­дар. Жиында ірі энергетикалық компаниялардың жекешелендіру мен IPO-ға өтуінен соң тарифін белгілеу мәселесі қоғамды алаң­датып отырғаны айтылды. «Стратегиялық компаниялар­дың капиталындағы IPO немесе бақылау жасамайтын акциялардың сатылғанына қарамастан, оларға бақылау мемлекет құзырында қала беретін болады. Себебі мемлекет Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы бақылау пакетін өзінде қалдырады. Сонымен қатар мемлекет бұрын­ғысынша салалық реттеушілердің көмегімен тарифтерді белгілеуге ықпал ете алады. Ал бұқарамен байланыс мәселесіне келер болсақ, компаниялар IPO-ға шығар ал­дында Қоғамдық кеңестің қосым­ша отырыстары өткізіліп, оған қалың жұртшылықтың өкілдерін шақыруға уәде етемін», – деді Қо­ғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев. Сырттан сарапшылар шақы­рып, талқыға салу сипатында өт­кен ішкі жиын қор компанияла­рының IPO-ға шығу мерзімін нақты анықтау қажеттігін арнайы талқылады. Экономист Рахым Ошақ­баев бүгінгідей жоғары бел­гісіздік жағдайында орналастыру туралы шешім қабылдау IPO үшін ең маңызды фактор екенін атап өтсе, Данияр Темірбаев қазіргі баға конъюнктурасына байланысты «ҚазМұнайГаз» сияқты мұнай-газ компанияларының IPO өткізуі үшін қолайлы уақыт келіп тұрға­нын айтады. Ал «Самұрық-Қазы­на» қорының Даму және жекеше­лендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанаділ қор IPO өткізу мерзіміне қатысты ұсыныс­тарды міндетті түрде ескеретініне тоқталып, түпкілікті шешімді Қа­зақстан Үкіметі қабылдайтынын атап өтті.

«Жылыжайдағылар» тез жұТылып кетеді

Елімізде Initial Public Offering, яғни «акцияларды алғаш рет ор­наластыру» тәсілімен табыс табу тетігін жандандыру осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған екен. Мұн­дағы 2011-2022 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты – қазақ­стандықтарға ірі ұлттық компания­лардың акциясын сатып алып, соның табысын көруге мүмкіндік беру және кор-поративтік сек­тордың ашықтығын қамтамасыз ету, әрі нарықтағы мемлекеттің үле­сін азайтып, жекеменшікті арттыру. Әуелгі дүрбелең кезінде бұл жаңашылдыққа қызыққандар көп болғанымен, соңғы бес жыл бойы нарықта өлі тыныштық ­ор­нады. «Халықтық IPO»-ға шы­ғуы тиіс ұлттық компаниялардың іші­нен тек «ҚазТрансОйл» мен KEGOC қана 2012 жылы бағалы қағаз­дарының 10 пайызын саудаға шығарды. Қос компанияға барлы­ғы 76 мың адам «халықтық акцио­нер» болып үлгерді. Ал 2015 жыл­дың қараша айында Астана Ха­лықаралық Қаржы орталығының құрылуына байланысты «Халық­тық IPO» жабылып қалды. Соған қарамастан «Қазатомпром» 2018 жылдың қараша айында бағалы қағаздарын халықтық нарыққа шығарып, 451 млн доллар тартты. Енді бұл шара Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асуда. Онда 600-ге жуық мемлекет­тік активті бәсекелестік ортаға шығарудың мерзімі мен жолдары айқындалған. Әйтсе де, 10 жылдан бері елімізде бір оңалмай-ақ қой­ған осынау кең мүмкіндіктер на­ры­ғының болашағына күмәнмен қараушылар аз емес. [caption id="attachment_192877" align="alignleft" width="1200"]IPO © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] «Халықтың IPO-ның мәселесі – ол жекешелендіру мәселесі. Оны жыл сайын талқылайды да жатады. Бірақ ешқандай да нәтиже жоқ. Міне, биыл тағы да бастады. Менің ойымша, осыны айтып жүргендер­дің өздері оның мақсат-міндеттері қандай болуы керегін, тіпті бұл нәрсе не үшін қажет екенін нақты біліп жүрген жоқ сияқты. Сол тү­сінбейтін болғандықтан, бүгінгідей не әрі емес, не бері емес жағдай бо­лып отыр. Менің осындай кү­мә­нім бар. Тағы бір күмәнім, алпауыт компаниялардың мемлекет мен­шігінде қала бергенінде белгілі бір адамдардың немесе топтардың мүд­десі бар. Оларға осы тиімді бо­лып тұр. Сол себепті де IPO мә­се­лесі бізде көзді алдау үшін ғана жасалып келеді. Шындығында, мұндағы жекешелендіруді әл­деқашан жүзеге асырып, оның бүгінде белгілі бір нәтижесін кө­ріп, тұжырымын жасап отыратын уақыт болды. Бірақ мен ол жүзеге асқан жағдайда да сәтті болып кететініне сенбеймін. Өйткені біз­дегі жекешелендірілуі тиіс ком­паниялар құрылғалы бері мемле­кеттің қамқорлығында, былайша айтқанда «жылыжай жағдайында» жұмыс істеп келеді. Олар осы 30 жыл бойы, бейнелей айтқанда, жылыжайдың сыртындағы аяз бен аптапты көрген жоқ. Сондықтан да бәсекелестікке төтеп бере ал­майды. Бізге әуелі осы кезеңнен өтіп алу керек», – дейді қаржыгер сарапшы Арман Бейсембаев. Сарапшы маманның айтуын­ша, бұл бағыттағы шаралар нақты жүзеге асуы үшін бірінші кезекте бұған саяси ерік-жігері жететін бас­шы керек. Ол мемлекеттік сек­тордағы компанияларды жеке­меншік бәсекелес ортаға итере салуы тиіс. Егер оларды мемлекет­тік қамтудан ажыратып тастар болса, сонда ғана осы уақытқа де­йін сөз болып жүрген жай­т­тардың барлығы да орындалмақ. Мемлекет тек өз тарапынан рет­теушілік функциясымен ұлттық экономика мен ұлттық қауіпсіздік мүддесін қорғауы тиіс. «Менің ойымша, 2011 жылдан бері жағдай қазір біраз өзгерді. Ол кездерде Ұлттық компаниялар көп ретте белгілі бір адамдардың мемлекеттік сатып алу және тағы да басқа жолдармен баюы мақ­сатында қарастырылатын. Сон­дықтан да оларға жұмыстарын жабық жүргізген қолайлы болды. Енді IPO дегеніміздің өзі не де­генге келер болсақ, кез келген ком­панияның, мәселен шартты түрде «ҚазМұнайГаз» деп алайық, акциясын сатып алған кез келген адам, оның акционерлерінің жал­пы жиналысына қатысып, кез кел­ген сұрақты қоя алады. Сон­дық­тан да олар осыдан қашты. Оның үстіне, сол жылдардан бері қайта-қайта дағдарыс болды да, олар дивиденд төлей алмай қала­мыз деп қорықты. Жалпы айтқан­да, IPO-ға мүлдем шыққысы кел­ген жоқ. Енді қазіргі сипатында IPO халықтық, халықтық емес деп бөлінбейді. Оның брокерлермен жұмыс жүргізетін, ақпараттық на­сихаты да жолға қойылған клас­сикалық үлгісі қолданысқа шыға­ды», – деді Ұлттық қордың Қоғам­дық кеңесінің таяуда өткен кеңей­тілген жиынына қатысқан эко­но­мист-қаржыгер Расул Рысмам­бетов. Оның айтуынша, біздің ком­панияларымыз бір тұста бәсекеге қабілетті, енді бір тұста бәсекеге қабілетсіз болуы мүмкін. Мұндай проблема жоқ деп айтуға болмай­ды. Сондықтан да IPO-ның бір ке­рек жері де осы болмақ. Олар же­кеменшікке шығарылғаннан кейін жаңа жағдайда қаншалықты жұмыс істей алады, осыны анық­тауға болады. Әйтсе де, оларды мүлдем әлсіз деп айтуға болмайды. Өйткені олардың бірқатары белгілі бір нәтиже көрсетіп отырған мо­нополист компаниялар. Енді жа­рия нарыққа шығар болса, олар­дың іштерінде не болып жатқанын, қандай қарым-қабілеттері барын көре алатын боламыз. Осылайша, бірте-бірте оларды тұтастай жеке­меншікке беріп жіберген де дұрыс. Әйтпесе, дәл қазіргі кезекте олар мемлекеттің, яғни «Самұрық-Қа­зы­наның» қол астында отыр. Бұл экономикалық талаптар тұрғысын­да дұрыс емес. Бұл бір жағы на­рықтық құбылыс болғандықтан, үлкен дайындықты талап ететіні рас. Әйтсе де, іс жүзінде мұндай ша­ралар экономиканы демокра­тизациялау болады. Ендеше он жыл бойы сағыздай созылып келген IPO шындыққа айнала ма, оны уақыт көрсетеді.