Қаржы пирамидасының «қайығына» отырғандар көп
Қаржы пирамидасының «қайығына» отырғандар көп
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
283
оқылды
Жыл сайын қазақстандықтар қаржы пирамидасын құрған адамдарға миллиардтаған теңгені өз қолымен «жинап беретіні» шын. Алданғандар, соңынан зар еңірегендер жетерлік. Оның үстіне, заңсыз ұйымдарға бер­ген ақша кері қайтпайды. Бірақ осындай ушыққан жағдайға қара­мас­тан қаржы пирамидаларының дәурені әлі жүріп тұр. Елде жыл сайын жүз­ге жуығы ашылады екен. Ал заң бұларға қалай мүмкіндік беріп қой­ды? Азаматтар неге алдана береді?

Өз-өзіне қол жұмсауға апарды

Таяуда қаржы пирамидасынан алдан­ған әйел Нұр-Сұлтан қаласындағы Ішкі істер министрлігінің ғимараты жанында өз-өзін өртеді. Абырой болғанда 32 жас­тағы Бағила Досмаилова тірі қалып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының хабар­лауынша, әйелдің жағдайы ауыр, ауру­ха­наның жан­сақтау бөліміне жатқызылған. Енді осы оқиғаға байланысты Қылмыстық ко­декстің «Өз-өзіне қол салуға дейін жет­кізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозға­лып жатыр. Әңгіме елді әбігерге түсірген Mudarabah Capital қаржы пирамидасына бай­ланысты болып тұр. Қозғалған қы­л­мыс­тық істе зардап шеккен адам ретінде танылған Досмаилова өз-өзіне от қоярдан бұрын Instagram парақшасына «егер өл­сем, істі жабуға тырысып отырған Алматы қалалық Полиция департаменті басты­ғы­ның орынбасары Рустам Әбдірахманов кі­нәлі» деп жазған. Осы Әбдірахманов қар­жы пи­рамидаларына қатысты істерде көп ата­лады. Досмаилова өз-өзін өртеген­нен кейін Рустам Әбдірахманов Facebook па­рақшасына «Қаржы пирамидасына бай­­ланысты қылмыстық іс бойынша кү­дікті 14 адам бар, оның екеуіне халықара­лық іздеу жарияланды» деп ақталғандай болды. Ал бұдан өзге 6 күдікті қамауға алын­ған, 3 адам сот шешімі бойынша ке­піл­дікпен бостандыққа шыққан. Тағы екі адам үйқа­мақта, бір адам ешқайда кет­пей­тіні туралы қолхатпен еркіндікте жүрген көрінеді. Алда қылмыстық іс сотқа жібе­рі­леді. Әйел жазалауды сұраған адам­дар – сол баяғы вайнерлер. Әуелде Дос­маи­ло­ва Mudarabah Capital компаниясын жар­намалаған вайнерлер Мейіржан Тө­ре­баев пен Мейірхан Шерниязовты жа­уапқа тар­туды талап еткен. Вайнерлер қаржы пи­рамидасы бойынша іске күдікті ретінде тартылса да 3 миллион теңгесін ке­пілге қойып, бостандықта жүр. Алғаш­қы­да 5-10 жылға сотталуы мүмкін деген еді. Әйел қаржы пирамидасына 20 миллион теңгесін берген. Негізі, осы оқиғаның алдында да алданған үлескерлер Алматы полициясына барып, тергеу әділетсіз өтіп жатқанын айтып, полицейлерді айыпта­ған. Міне, тілегі орындалмай, ашынған жан­ның ақыры қандай әрекетке барғанын көр­іп отырмыз. Ал Mudarabah Capital Дос­маи­лованы ғана емес, 160 салымшыдан 2 млрд теңгеге жуық ақша жинап, бәрін сан соқ­ты­рып отыр. Рас, кейінгі жылдары Қазақ­стан­да қаржы пирамидасына бай­ланысты қыл­мыстық істер көбейді. Кейбір жеке ком­паниялардың өкілдері миллиард­тап қаржы жымқырды. Тергеулер шамамен 10 мыңнан астам адамның алданғанын көрсетіпті.

Есеп ес жиғызбай тұр

Осы оқиғадан кейін Ішкі істер ми­нистр­лігі 2021 жылы 31 мыңнан астам қа­зақстандық қаржы пирамидасының құрбаны болғанын ресми хабарлады. Олар 54 млрд теңгеден астам қаржысын жоғалт­қан. «Біз де қарап отырғанымыз жоқ» дегісі келді ме, әйтеуір ведомство өздерінде 65 қылмыстық іс жатқанын, 3 мыңнан астам жәбірленуші табылғанын мәлім етті. Бір қызығы, министрлік осы уақытқа де­йін алданғандардың көп болу себебін «қылмыскерлердің қызметі экономикалық белсенділіктің жоғарылауымен, халықтың инвестицияға қызығушылық таныта бас­тауымен байланысты, сұраныс ұсы­нысты тудырады» депті. Біріншіден, қаржы пи­рамидаларына қаржы салуды инвестицияға балағаны түсініксіз. Екіншіден, шынайы жағдайды «халықтың қызығушылығымен» бағалауға болмас. Қызығушылықтан бұ­рын бұл әрекет «тез байып кетемін» деген дәмеден шығады. Шамасы, ведомство өкілдері де өздерін «инновациялық жоба», «тиімділігі жоғары бизнес», «бірегей», «аса тиімді», «табысқа кепілдік береміз» деп жарнамалаған қаржы пирамидаларына иланатын секілді. 2015-2020 жылдары елімізде «Қаржы пирамидасын құру» бабы бойынша 555 іс қозғалған. Сондағы 13,6 миллиард теңге шығынның бар болғаны 3 пайызы, яғни 399,7 миллион теңгесі ғана салымшыларға қайтарылған.

Психика құрылымын өзгерте алмаймыз

Иә, қаржы пирамидаларының жұмыс істеу механизмдері өте көп. Көбіне әр қа­тысушыдан өзімен бірге жаңа адам әкелуді талап ететін классикалық көпдеңгейлі қаржы пирамидалары танымал. Барлық қатысушы ортаға ақша салады, ал бұл ақша олардың өз арасында бөлінеді. Адамдарға тартымды көрінетін «қыруар пайда» осы­лай түзіледі. Мұндай пирамида ерте ме, кеш пе, бәрібір құлайды. Өйткені оның жұ­мысы жалғасуы үшін «инвесторлар» үздіксіз көбейіп, үнемі өсіп отыруы керек. Соңғы кездері пирамиданың негізін қалаушылар «алтын, мұнай, криптовалюта сатамын» дейтін әдет шығарған. Олар құрған механизм бірнеше айда құлауы да, өте ұзақ уақыт жұмыс істеуі де мүмкін. Мұның барлығы бұрын да айтылған. Алай­да адамдар осындай жалған ұйымдарға неге алданып қала береді? Әйтпесе, ес­кертудің кемі жоқ. Кей адамдар осы әре­кетке саналы түрде баратындай көрінеді. Мәселен, бір қаржы пирамидасы жаңадан құрылғанын білсе де жарна төлеп, кіреді. Неге? Өйткені алғаш кіргендер ақшасын өндіріп алады, алданатын кейін кіргендер деген де түсінік бар. Психолог Балабек Сақтағанов «тез баю» деген ойға адамдар саналы түрде алдана беретінін айтады. – Психиканың құрылымы өзгермейді. Яғни, адам бәрібір тез арада оңай ақша тапқысы, байып кеткісі келіп тұрады. Осын­дай түсінік жан-жақты ойлауға таң­дау қалдырмайды. Ал өмірде мұның бәрі керісінше болып жатқанына мән бермейді. Тіпті, қаржы пирамидасына алданғанын жақындарынан жасырып, айналам «мазақ қылмасын» деп оны айтпай жүретін адам­дар көп. Экономиканың адам психология­сына әсерін ескерген жөн. Егер қазіргідей уақытта қарасақ, жұрттың қарызы көп, кредиті жетіп артылады, осы хал адамға тез байып кетуді ойлантады. Мысалы, мен өз тәжірибемнен бірнеше адамды көрдім. Қаржы пирамидаларына бір рет емес, бірнеше рет алданғандар бар. 4 рет, тіпті 5 рет бас сұғып, ақырында алданып, қарызға батып, депрессиялық жағдайға түскендер жүр. Яғни, адам мұндайға саналы түрде барады. Екінші мәселе – жұмыссыздық. Жұ­мысы барлардың өзі еңбектенгісі кел­мей, айналып келіп, тез баюды ойлайды. Қаржы пирамидаларына адамның санасын жаулап алу үшін аса бір керемет техника керек жоқ. Ел танитын 1-2 адамды көрсет­се, соның аузынан шықса, өзі де бейімделіп тұрған адам тез алданады. Елімізде пирамидалар құрылғалы бері барлығының жұмыс істеу схемасын қарап отырмыз. Бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Айтатын сөзі мен жарнамасы, жүйесі бірдей. Қо­рыта айтқанда, бір елде халықтың күнкөріс деңгейі төмен болған сайын, осындай жалған ұйымдарға алданатындар да кө­бейе береді, – дейді ол. Жалған қаржылық ұйымдар құзырында депозиттерді қабылдауға рұқсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы, жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі жоқ болса да, ел аумағында емін-еркін жарнамасын жүргізе беретіні қызық-ақ. Қаржылық капиталы туралы мәлімет те жоқ. Сөйте тұра, ұйымға келгендерге мүшелік жарна төлеуді міндеттейді. Сонда мұның бәріне заң жүзінде рұқсат беріп қойғанбыз ба?

Заңның осал тұсы қайсы?

Жалған ұйымдар түрлі жолмен ашыла береді. Қаржы ұйымы ретінде, тұрғын үй нарығындағы компания болып немесе тұтыну кооперациясы атанады. Әрі қарай заңсыз ісін дөңгелете жөнеледі. Көптеген мемлекетте осындай қитұрқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қар­жылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. Бізде де Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілген. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында «қар­жылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған. Бұл тікелей жаңағы вай­нерлерге қатысты тармақ. Бірақ қаржы пирамидаларын әшкере еткенімізбен, оларды еліміздің заңы бо­йынша жазалау мүмкін емес. Басым көп­шілігінің бас кеңсесі АҚШ, батыс елде­рінде немесе Ресейде орналасады. Қолдан келер қайран – жұмысын тоқтату. Болды. Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамту қиын. Яғни, Қа­зақстанның «қаржы пирамидаларына» шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет. Заңгер, елге белгілі адвокат Абзал Құспан да қоғамда қаржы пирамидаларының ықпалы артып бара жатқанын айтады. – Бұл мәселені бір жағына шығаратын кез келді. Әзірге осы проблема негізінде заң шығару процесіне белсенді араласпақ ниеттеміз. Жалпы, мәселені шешудің екі түрлі бағытын қолға алған жөн. Біріншісі, қазір қолданыстағы салалық заңнаманың кем-кетік тұстарын түзеп, жетілдіру керек. Екіншіден, азаматтарға барлық мән-жай­ды ашып көрсетіп, түсіндірген дұрыс, – дейді маман. Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бө­лігі 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету») бойынша ел аумағында қаржы пирамидаларының бө­лімін ашып, оған жетекшілік еткендер айып­талады. Алайда заңсыз ұйымды түбі­мен құртпайды. Міне, осал тұсымыз – осы. Жалпы, соңғы 3 жылда сотқа дейінгі тер­геп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қыл­мыстық кодекстің 217-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша 365 материал тіркелген. 126 адам жауапқа тартылып, 38-і сотталып, қалғанына қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

ТҮЙІН:

Жақында Мәжіліс депутаттары да бір мезет бас көтеріп, қаржы пирамидаларына қатысты мәселені жөнге келтірудің қа­жеттігін айтып, үн қосты. Бірақ уақытша дүние болып, бұрынғыдай ұмытылған көп мәселенің бірі болып қалмаса дейміз. Әйтпесе, алданған азаматтар күн сайын өс­песе, кемімейтін тәрізді. Ал мұның ар­тында әркімнің тағдыры тұрғаны аян.