Баланы қаққан кім?
Баланы қаққан кім?
Түркістан облысының Шәуілдір ауылындағы балабақшада 1 жарым жасар баланы көлік қағып кеткен. Орташа ауыр дене жарақатын алған балаға Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада ота жасалды. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты ақпарат басқаша тараған. Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы «Болашақ» балабақшасының балаларды тасымалдайтын көлігі таңғы уақытта әдеттегідей балаларды жинап кетеді. Оның ішінде 1,5 жасар Хан Дидарұлы да бар. Сағат 11-лерде баланың анасы Ажар Пернебекке балабақшада баласының құлап қалғаны жөнінде хабар келген. Алып-ұшып жеткен ана баласының жамбасының ісіп кеткенін, басы мен бетінің сырылғанын көреді. Бүлдіршіннің анасының айтуынша, балабақша тәрбиешілері алғашында баласының жараланғанын жасырып, жақын маңдағы емшілерге алып барған. Кейін онысынан нәтиже болмай, бала шырқырап бара жатқан соң ғана анасына хабар беріпті. Тәрбиешілер балабақшаға жеткен бойда көліктен құлап түсті деп айтқан. Баланың түр-тұлғасын көрген ана оның құлап қалғанына сенбеді. «Балам түсіп үлгермей жатып көлік сүйреп әкеткен сияқты. Өйткені алған жарақаты жай құлағанға ұқсамайды. Беті, иығы, аяқ-қолы сырылған. Жамбас тұсы сынған», – дейді Ажар Пернебек. Дереу жедел жәрдем шақырып, аудандық ауруханаға алып барған. Ондағылар шұғыл түрде ота жасау керек екенін айтып, облыстық ауруханаға жіберіпті. Ота жасаған дәрігерлер де баланы періште қаққанын айтады. Жағдайы орташа ауырлық дәрежеде екенін айтқан мамандар оның миы шайқалғанын, жарты жылдан соң тағы операция жасау қажет екенін ескертті. «Сан сүйегінің жабық сынығы, жоғары үштен бір бөлігінен ығысуымен сынған. Сонымен бірге басы, бет аймағы мен иықтары, жамбас тұстарының сырылған жарақаттарымен келіп түсті. Баланың жамбасына операция жасалып, екі титан салынды. Жамбасына салынған темірді 6-8 айдан соң тағы бір операция арқылы аламыз», – дейді облыстық балалар ауруханасы жарақат бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Ғалым Байтөре. сәби Аудандағы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева бала жай ғана тасқа сүрініп құлағанын айтып отыр. «Сол күні ата-аналардың бастамасымен балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын опель маркалы жеңіл автокөлігінен заңды өкілінің еріп жүруінсіз, яғни ата-анасынсыз түсіп, өз тәрбиешісіне қарай жүгірген кезде тасқа сүрініп құлаған. Салдарынан баланың беті мен бас терісі сырылған, аяғының сан сүйегі сынған. Уақытылы хабар бермегені үшін балабақша меңгерушісінен түсініктеме алынды», – деген еді бөлім басшысы. Баланың анасы Ажар «құлап қалды» дегенге сенбей отырғанын айтады. Балабақша меңгерушісі мен тәрбиеші келіп, арыз жазбауын, шу шығармауын айтып, өтініш жасапты. «Бірақ мен соңына дейін барамын. Полицияға арыздандым. Бұлар менен бір нәрсе жасырып отыр. Әйтпесе, жай құлаған бала бұлай болмайды. Балабақша қызметкерлерінің әлі де жағдайға немқұрайды қарап отырғаны жаныма батады» деп ашынды ана. Істі тіркеген аудандық Полиция басқармасы ертесіне баланы көлік қаққанын растады. «Бала көлік қағып кету салдарынан дене жарақатын алған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соғу) бойынша тіркелді. Опель маркалы автокөлік айыптұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ аудандағы кейбір шенеуніктер баланың анасының туыстарына хабарласып, істі ушықтырмай кешірім беруін өтінген. «Соңына дейін барамын, балабақша жабылсын» деп ана қатты ашынып отыр. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, өздерінің бас тыныштығын ойлаған балабақша қызметкерлері осылайша жағ­дайды ушықтырып алды. Енді көлік жүргізушісімен қатар жауапты мамандар да заң аясында жазаға тартылуы тиіс.

Түркістан облысы