Баспагердің өз еркі, қандай кітап шығарса?!
Баспагердің өз еркі, қандай кітап шығарса?!
© коллаж: Елдар Қаба
562
оқылды
Соңғы кездері әлеуметтік желіде «Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрін» шығаруға бөлінген қаржы көлемі туралы пікірлер жиі айтылып жүр. Журналист Мият Кәшібай биыл мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тізімін өзінің Telegram каналында жариялаған еді. Оның айтуынша, биылғы кітапқа бөлінген қаржы көлемі – 1,6 млрд теңге. Олардың қатарында көркем әдебиет те, публицистикалық жинақтар да, естелік-эссе жанрында түзілген шығармалар да, өнер мен мәдениет те бар.

Кітапты сатып алу құқығы кімде?

Сөзіміздің әлқисасын әріден бастасақ. Жалпы, бізде әдебиетті мемлекеттік тап­сырыспен шығарудың мынадай жолдары бар. Оның бірі – әдебиеттің әлеуметтік ма­ңызды түрлерін сатып алу, басып шы­ғару және тарату. Бұған баспалар өздері тапсырыс беріп, авторды да өздері ұсынуға тырысады. Одан бөлек, қоғамдық маңызы бар деген кітаптарды іріктеп, бөліп, сарапқа салатын арнайы комиссия бар. Министрлік қоғамдық маңызы бар әдебиетті іріктеудің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдерді қабылдап алады және іріктейді. Ол үшін тіпті онлайн платформа да құрылған. Ең көп оң пікірге ие болған әдебиет белгілі бір мерзімге қоғамдық маңызы бар әдебиетке және оны басып шығаруға мүліктік құқықтарды сатып алу бойынша сараптама комиссиясының қарауына жіберіледі. Олар кітапты шығаруға бола ма, көркемдік құндылығы қандай, өзекті­лігін сарапқа салып, одан кейін ғана қоры­тынды шығара алады. Ол кітап қашан шы­ғады, қай уақытқа жоспарланады, ол енді Мәдениет министрлігінің құзыре­тін­дегі дүние. Біз хабарласқан баспагерлердің бірі (аты-жөнін көрсеткісі келмеді) кітап шығару ісі екі бағытта жүзеге асатынын жеткізді. Мәселен, әр жылдың соңына қарай баспалар өздері шығарғысы келетін ақын-жазушылардың тізімін ұсынады. Сөйтіп министрлік арқылы тендерге қа­тысып, жеңіп алады да, өзі ұсынған кіта­бын шығара бастайды. Ол кітапқа қала­мақы беру мәселесін де баспагер өзі бел­гілейді. Өйткені бұған дейін әр кітаптың таралымы 2 мыңнан асқан жоқ. Мемле­кеттік тапсырыспен шығарылған бұл кітап еліміздегі кітапханаларға тегін таратылады. Ал авторға болар-болмас қаламақы бел­гіленеді. Кей авторлар тіпті баспамен ке­лісіп, қаламақыдан бас тартады да, оның орнына кітабын сатып алады. Яғни, қа­зақша «бартер» жасайды. «Ал кітап шығарудың екінші жолы – онлайн платформа арқылы дауыс беру. Дауыс көп жинаған әдебиет сараптама комиссиясының талқылауына түседі. Талқылаудан өткен кітапты сатып алады. Ол кітаптың құны белгіленеді, сол бойынша авторға қаламақы төленеді. Авторлық құқықты сатып алғаннан кейін оның құқығы авторға тиесілі емес. Әрі ол кітапты қай уақытта шығаратынын да мемлекет өзі біледі», – дейді баспагер.

Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға сүзгі жоқ

Ал сыншы Анар Қабдуллина «заң қабылданбаса, бәрі негізсіз» деп санайды. Оның пайымдауынша, «ҚР Мәдениет туралы Заңында» көркем әдебиет, баспа ісі туралы бір ауыз сөз жоқ. Жыл сайын әдебиетке мемлекеттен қыруар ақша бө­лінеді, егер көркем әдебиет, баспа ісі сала­сының заң шеңберінде «сайда саны, құмда ізі жоқ» болса, ол ақшалар қандай негізде, не мақсатта бөлініп отыр деп күйінеді. «Былтыр «Балалар әдебиеті жылына» деген 127 млн сол күйі қайда кеткенін біл­медік. Әрине, заң жоқ болса, сұрауы да жоқ. Экс-министр Ақтоты Райымқұлова: «Ба­лалар жазушыларына грант бөлінеді» деп емексітіп бір қойған. Нендей ақша бө­лінсе де, ол қаламгер қолына тиер-тимесі неғайбіл, себебі, сол грант пен қа­ламақы қай негізде берілмек? Ресейдің Мәдениет Заңымен салыстырып отырып қарадым, екеуі өте ұқсас дегенмен, біздің Заңнан неге «көркем әдебиет», «баспа ісі» алынып тасталған, ал оларда тайға таңба басқандай анық көрсетілген? Жыл сайын әдебиетке деп млрд тақау ақша бөлінеді, кітап шықты, кітапханаларға тегін тара­тыл­ды» дегенді ғана естиміз», – дейді сыншы. Шығып жатқан кітаптардың да сүзгі­ден өтіп жатпағанын, оған ешқандай сын-пікірлер айтылмайтынын да жоққа шы­ғармайды. Кейбір ақын-жазушылар мем­ле­кеттік тапсырыспен шығатын кітап­тардың авторды емес, баспагерлерді ба­йытып отырғанын айтады. Ал баспагерлер болса, «кітап шығару ісіне реформа керек» деп шырылдап жүр. Өйткені отандық бас­палардың дені мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйеп отыр. Жылына бірлі-екілі кіта­бын шығарса, соның өзі оларға демеу. Соңғы 30 жылда баспа нарығы қалыптас­қан жоқ. Рас, еліміздегі баспалардың көбі жекеменшік. Мемлекеттік баспа да, баспа­хана да жоқ. Солай бола тұра, жекеменшік баспалар да мемлекеттік тапсырыспен кү­нелтіп отыр. Бүгінге дейін қазақтілді кі­таптар қолжетімсіз екенін айтып та, жазып та келдік. Тың шығармалардың, авторлардың да насихаты кемшін. Кей авторлар жекелеген қаржысына немесе демеушілердің қолдауымен кітап шыға­рады. Отандық баспа нарығында қазақтілді кітаптардың көсегесі көгеріп отырса, ол да осы саланың жанашырларының арқасы. Сонда олқылық қайдан кетіп жатыр? Әрине, әлеуметтік желіде пікір қайшылығы туындап жатса, ол кітапты шығармау ке­рек деген сөз емес. Мәселе – қандай кі­тапты және қай бағаға шығаруда болып тұр. Яғни, «әлеуметтік маңызы бар әде­биетті» анықтау...

Ішкі мазмұны мен көркемделуі сай келсе...

Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса мем­лекеттік тапсырыспен басылып шығатын қоғамдық маңызы бар әдебиет бойынша екі түрлі бағдарлама барын, оның біреу­сі – осы санаттағы кітаптарды басып шығару және тарату болса, екіншісі, сатып алу, басып шығару және тарату екенін айтып отыр. «Мемлекеттен бөлінетін қаражат бойынша тендер ұтып алатын баспалардың жауапкершілігі жоқ деген сын жиі айтылып жүр. Қаламгерлер тарапынан келіспеушілік, баспалардың немқұрайлығы туралы жиі айтылады. Бұл мәселелер министрлікте өткен жиналыс барысында да қозғалды. Өткен жылы да «баспаға жауапкершілікті күшейту керек екенін» сөз еткенбіз. Себебі баспалар кітапты республикалық кітапханаларға таратуды ғана көздемеуі керек, нарыққа шығуды да ойластырған жөн. Нарыққа шығу үшін ең алдымен сапа болуы керек. Ішкі мазмұны мен көркемделуі сай болуы тиіс. Осы тараптан бірқатар ескертпелер берілген еді», – дейді депутат. Мәжіліс депутатының айтуынша, классикалық шығармаларды насихаттау үшін оларды жас ақын-жазушылардың шығармала­ры­мен қатар қойып, дауыс берген дұрыс емес. Классикалық бағытты бір бөлек, жаңа шығармаларға жаңаша серпін берген жөн. «Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың жиі қайталанбауын ескерген ләзім. «Министрлік кітаптарды неге өзі сараптайды? Мұны да Кітап палатасы, не болмаса Жазушылар одағы реттеу керек» деген де пікірлер бар. Сондықтан қоғам тарапынан түсіп жатқан ұсыныстарға бей-жай қарай алмаймыз. Бұл мәселені де алдағы уақыттарда талқылайтын боламыз. Мүмкін тәуелсіз сарапшылар тобын құр­ған дұрыс болар», – дейді Мақпал Мыса. Министрлік әлеуметтік маңызы бар әде­биетті іріктеуге байланысты сауалы­мызға: «Елімізде баспа ісін қолдау, әде­биетті сатып алу, басып шығару тәртібін жетілдіру, баспа саласында көрсетілетін қызметтердің ашықтығын көрсету мақса­тында 2020 жылғы 2 қарашада «Мәдениет туралы» Заңның 24-1-бабының 4-1), 4-2) - тармақтарына толықтырулар енгізілді, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығарудың критерийлері бел­гіленді. Олар:
  1. Көркемдік құндылықтың болуы;
  2. Зияткерлік-білім беру және таным­дық мазмұны;
  3. Рухани-адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу;
  4. Тарихи шынайылық;
  5. Берілген тақырыпқа сәйкес келетін сапалы иллюстрациялық және бейнелеу материалдар (болған жағдайда);
  6. Аударманың әдебиеттің түпнұс­қа­сына сәйкестігі» дейді. Министрліктің айтуынша, 2021 жылдан бастап қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және таратуда жеке және заңды тұлғалардың (авторлар немесе баспалар тарапынан ұсы­нылған өтінімдер) өтінімдерін қабыл­дау қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы (бұдан әрі – Кітап палатасы) жүзеге асыруда.
Осы ретте Кітап палатасы жанынан ар­найы портал ашылып (Іріктеу -2022 бү­гінде 2023), жеке және заңды тұлғалардың өтінімдерін онлайн қабылдайды. Қағи­далар тәртібіне сәйкес келіп түскен өті­німдер іріктеудің үш кезеңнен өтеді. Ал­ғашқы кезеңде тәуелсіз комиссия қараса, екінші кезеңде Сараптама комиссиясының іріктеуінен өтеді. «Оң қорытынды алған әдебиеттер жел­тоқсан айында Ведомствоаралық комис­сия (3-кезең) қарауына ұсынылады. Атал­ған комиссияның шешімімен қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және таратудың тиісті жылға арналған тізімі бе­кітіледі. Осы орайда министрлік бекітіл­ген әдебиеттер тізімі негізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес басы­лым­дарды (авторлар немесе баспалар ұсынған) басып шығарып, кітапханаларға тарату үшін баспалармен екіжақты келісімшарт жасап, отандық баспа ұйымдарының қа­тысуымен қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығарып, республика кітапха­наларына таратады», – дейді ведомство өкілдері. Жалпы, кітап басу ісін реформалайтын кезең жеткен секілді. Қоғамға қандай кітап қажет? Оқырманның сұранысы қандай? Біз әлеуметтік сауал жүргізіп көрдік пе? Осыдан екі жыл бұрын әлемдік зерттеулер қазақстандықтардың 15-17 пайызының белсенді, 20 пайызының кітапқа қызық­пайтынын, 40 пайызының тұтынушыға жетпейтінін растаған. Елімізде кітап оқитындар саны кемігені жасырын емес. Өйткені сұранысқа сай кітап жоқ. Онда біз жыл сайын 1,6 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп, кімге қандай кітап шығарып жүрміз?! Бір кем дүние...

АЙЫМ БЕКТҰР