Ақмолада пандемияның салдарынан жарияланған төтенше жағдай кезінде бюджет қоржынынан медициналық аппараттарды сатып алуға бөлінген қаражатты жымқырған облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Сүлен Ілиясов пен «Медлайн» ЖШС-ның директоры сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Тергеу барысында лауазымын асыра пайдаланғандар ел басына күн туған күрделі кезеңде екі наркоздық-тыныс алу аппараттарын, жеті науқастың медициналық кереуетін және өкпені жасанды желдету аппаратының бір данасын сатып алуға бөлінген қаражатты жымқырғаны анықталған. Індеттің салдарынан ондаған адам күнбе-күн қаза болып жатқанда облыс әкімдігі бөлген қаражатқа ескі аппараттар қымбат бағада сатылып кеткен болып шықты. Мәселен, облыстық туберкулезге қарсы диспансер 2008 жылы шыққан «Драгер Эвита» өкпені жасанды желдету аппаратын 25 миллион теңгеге сатып алған. Ал осы аппаратқа қосылған 11 емделуші пациент қайтыс болған.
«Емдеу аппараттарының орнына өндіруші зауыттардың кепілдігінсіз әрі өндірістен шығарылған осыған дейін қолданылған жабдықтарды сатып алған. Бұл қолданыстағы заңнама талаптарына да сәйкес келмейді. Қылмыстық әрекеттерімен аталған қос сотталушы – экс-басқарма басшысы мен сыбайластары мемлекетке 86 миллион 895 мың теңге шығын келтірген», - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.Өз кезегінде Ақмола облысының туберкулезге қарсы диспансерінің экс-басшысы Қалымжан Тәшметовтің де жұмыстан шыққан кезінде де жекелеген құжаттарға қол қойғаны анықталған. Осының салдарынан мемлекетке тағы да 25 миллион теңге шығын келген. Көкшетау қаласында судья Айтымбек Жұмабеков қылмыстық тергеу ісі бойынша Ілиясов пен Молдантаеваны айыпты деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім шыққаннан кейін Жанар Молдантаева бірден қамауға алынды. Оның 2020 жылы шыққан қымбат автокөлігі мемлекет кірісіне алынды. Ал облыстық туберкулез диспансерінің бұрынғы басшысы Тәшметов амнистияға байланысты жазадан сытылып кетті. Мемлекет басшысына оған осыған дейін берілген мемлекеттік «Парасат» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.
Ақмола облысы