«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен заңгерлік көмек көрсету мақсатында тақырыптық қабылдау өтті. Қабылдауға облыстық нотариаттық палатасының төрайымы Ләззат Суйеубаева және «Бітім» медиация орталығының кәсіби медиаторы Қыдырбек Рашов қатысты. Тақырыптық қабылдауда алғаш болып кеңес алуға келген қала тұрғыны Светлана Злобина еңбек шартының болмауына орай жұмыс берушінің әрі қарай жұмыс жасауды жалғастыруына қарсы болғанын айтып шағымданды. Тұрғынның мәселесі бойынша жұмыс беруші тараппен байланыс жасалып, мән-жайлар анықталды. Жұмыскер мен жұмыс беруші арасында еңбек келісім шартының болмауы қиындық туындататыны айтылып, екеуара жүргізілген келіссөздер жазбасын негізге алып, тиісті заң орындарына жүгіну мүмкіндігі бар екендігі түсіндірілді. Ал, Ольга Звездова болса мұрагерлікке қалған пәтерді сату кезінде мұрагерлер тізіміне енгізілмей қалғанын, сол себепті пәтер сатылғанда өз үлесін ала алмағанын айтып көмек сұрайды. Азаматтың өтінішіне заңнама аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Заң аясында қолдану мерзімінің өтіп кеткендігі аталып, туыстық қарым-қатынас негізінде келісімге келу қажеттілігі айтылды. Жалпы партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан түрлі өтініштер келіп түседі. Олардың арасында еңбек шарттарының бұзылуы, жеке басының құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, еңбекақы төлеуге қатысты мәселелермен шағымданып, заңнамалық кеңес сұрап келетін азаматтар да бар. Осы орайда партия алаңында арнайы мамандарды қатыстыра отырып, тегін заңгерлік кеңес ұйымдастырылып отырады. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 14 азаматқа заңгерлік кеңес берілді, оның ішінде 6 жағдайда іс тек кеңес берумен шектелмеді, нақты құқықтық көмек көрсетілді. Тиісті органдарға жеткізіліп, оң шешім алынды. Бүгінгі қабылдауға келушілер көтерген мәселелеріне орай ҚР қолданыстағы заңнамалары аясында құқықтық кеңестер алды. Бұл азаматтардың еңбек заңнамасын білмеуі және тиісті қолданбауы салдарынан туындаған сауалдар, - дейді партияның облыстық филиалы, қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов.