«Әрқайсысы 450 мың теңге төлеген» – блогерден білім алмақ болған бір топ адам алданып қалғанын айтты
«Әрқайсысы 450 мың теңге төлеген» – блогерден білім алмақ болған бір топ адам алданып қалғанын айтты
Фото: almaty.tv
Алматыда блогерлерден ақылы білім алмақ болған бір топ адам полицияға арызданды, – деп хабарлайды Almaty.tv. Телеарнаның мәліметінше, олар «қаржылық сауатын жетілдіреміз» деп әрқайсысы 450 мың теңге төлеген. Алайда, келісімшартқа сәйкес, сабақ толық өтпеген. Енді білім іздегендер «аяқталмаған» оқудың ақшасын қайтаруды талап етіп отыр.
«Жұлдыз Ақболат ханымның курсын алып отырмыз, тегін вебинар деді. Жарайды дедік. Ақыры ақша табу үшін жүрген адам болғандықтан. Біз сияқты қаншама адам жылап отыр», – дейді шағымданушы Зарина Мәдибекова.
Не ақшасыз, не білімі жетілмеген жұрт шағымын арқалап компанияның кеңсесіне де барғанымен нәтиже шықпады. Енді блогерді сотқа беруге дайынбыз дейді. «600 мың теңге алып осындай жиырма адамды алаяқтыққа соқтырды. Офлайн форматта сабақ өтеді деп, сабақ өтілмеген. Қаншама адам несие алды осы үшін. Бұндай алаяқтыққа жол бермеу керек», – дейді шағымданушы Ерке Тұрлы.
«500 мың теңге тұрады офлайн сабағы. Негізі 70 күн өтуі керек болатын. Бірақ 2 айға толмай, тоқтап қалды. Ешкім түсіндірген жоқ, сабақ неге тоқтап қалғанын. Ары қарай не болады?» – дейді шағымданушы Ғазиза Байдәулет.
Шағымданушылар Бостандық ауданының полициясына арыз жазды. «Бостандық ауданы полиция басқармасының мәліметінше, аталмыш дерек бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтиежесінде екі тарап арасында азаматтық құқықтық қатынастың болғанына көз жеткіздік. Екі тараптың арасында келісімшарт бар. Соны негізге ала отырып, азаматтық құқықта сотқа жүгіне алады», – дейді Полиция департаментінің ресми өкілі  Салтанат Әзірбек. Ал басы дауға қалған компанияның заңгері шағымданушы тараптың арызы орынсыз деп отыр.
«Ол нишаларына сай келмейді. Табыс тапқан жоқпыз деп шағым айтып жатыр. Өздерінің тарапынан ол кісілер тапсырмаларды орындау керек еді. Компанияның атынан және Жұлдыз ханымның атынан барлық шарт орындалды. Сабақтың бәрі сайтта тұр. Сегіз модульдан тұрады», – дейді заңгер Салтанат Диханбаева.
Алайда шағымданған азаматтардың ақшасын қайтарып беру жөнінде сөз қозғамады, тек соттасуға дайынбыз деп қысқа қайырды.