Петропавлда «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы алғашқылардың бірі болып қайтарылған партиялық жарналарға спорттық жарыстар ұйымдастырды. «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты ұлттық спорт түрлері бойынша турнирге №2 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері қатысты.
«AMANAT» партиясының 1 наурызда өткен съезінде алғаш рет партиялық жарналардың 20%-ын бастауыш партия ұйымдарына қайтару қажеттілігі туралы айтылған болатын. Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов осылайша жергілікті жерлерде партиялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары кең ауқымға ие болатынын атап өткен еді.
Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары аясында ұйымдастырылды. «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дина Әшімованың айтуынша, олар республикада алғашқылардың бірі болып қайтарымды жарнаны пайдаланған. Соның нәтижесінде ойындарға қажетті құрал-жабдықтар мен жеңімпаздарға сыйлықтар сатып алып, қатысушыларға грамоталар табыстауға мүмкіндік туды.
«Бұрын қосымша қаражат іздеуге тура келетін. Енді осындай бастаманың арқасында біз ақшаны бастауыш партия ұйымының қажеттіліктеріне жұмсай аламыз. Алдағы уақытта кеңсені, имидждік партия өнімін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бізде партия ардагерлері бар, қайтарымды қаражатқа оларға құрмет көрсетуді ұйымдастыру жоспарда бар», – деді Дина Әшімова.
Жарналардың 20%-ын қайтару тәжірибесі осы жылдың наурыз айынан бастап «AMANAT» партиясын жаңғырту аясында қолданылып келеді. Бастауыш партия ұйымдарының басшылығы бұл қаражатты өздеріне қажетті мұқтаждықтарға жұмсауға құқылы. Олардың ішінде – іс-шаралар өткізу, ұйымдастыру техникасын, кеңсе тауарларын және өзге де шығыс материалдарын сатып алу, материалдарды БАҚ-қа орналастыру және басқа да шаралар бар.