Депутат QazaqGaz ұлттық компаниясын реформалауды ұсынды
Депутат QazaqGaz ұлттық компаниясын реформалауды ұсынды
150
оқылды
Сенатор Ерік Сұлтанов Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің газ саласындағы проблемалар және оларды шешу жолдары туралы айтып берді. Депутат газ тасымалы жүйесінің тозуы мен еліміздегі газбен қамтамасыз ету көрсеткішінің төмендігі және газ бағасын қалыптастырудың ашықтығына алаңдаушылық білдірді. Сенатор осыған байланысты саланы басқару жүйесін өзгертуді, атап айтқанда QazaqGaz ұлттық компаниясын реформалауды ұсынды. Сенатор ресурс базасын толықтыру үшін жер қойнауын пайдаланушыларды жаңа газ жобасын іске асыруға ынталандыру шараларын әзірлеуді ұсынды. Газға баға белгілеу процесінің ашықтығы мен өңірлерді газдандыру жөніндегі бүгінгі күннің ахуалына сәйкес келетін жаңа жоспар құру да маңызды.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының баяу жүріп жатқанын ескере келгенде бұрын жоспарланғандай 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыруды аяқтау мүмкін болмайтыны анық. Бүгінгі таңда газдың болмауы – инвестиция тарту, жаңа өндіріс ашу, халықты жұмыспен қамту және жалпы ел экономикасы мен өңірлерді дамыту үшін басты тежеуші факторлардың бірі. Сондықтан, қазіргі жағдайды ескере отырып, өңірлерді газдандыруда экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең қолайлы нұсқаны қарастыру ұсынылады», – деді депутат Сұлтанов.
Сенатор осыған байланысты Министрлер Кабинетінің басшысына газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітуді жеделдетуді ұсынды және онда осы мәселелердің бәрі көрініс табуы тиіс екені айтылды.