Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты қозғалған іс жайында түсінік берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда қылмыстық процеске 14 адам тартылды, оларға Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлімі бойынша айып тағылған. Он күдікті қамауда отыр, екеуіне халықаралық іздеу жарияланды, біреуі кепілмен босатылды, біреуі ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат берді» , - дейді Рустам Әбдірахманов.Сонымен қатар, ол полиция блогерлерді қамауға алу арқылы, негізгі күдіктілерді істен жалтартпақ деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Қаржы пирамидасының салымшысы Бағила Досмайылова мені тікелей айыптады. Оның айтуынша, мен «істі жабуға асығып отыр екенмін». 14 адам күдікке ілінген қылмыстық істі мен қалай жауып тастаймын? Айта кетейін, Досмайылова наурыз айының соңында Бас прокуратураның алдына жалғыз адамдық пикет өткізді. Қолындағы плакатта «Мейіржанды қамаңдар» деп жазылған. Кеше Досмайылованың блогерлерге қатысты пікірі өзгерді. Оның себебін білмеймін. Оны біз тексермейміз. Өйткені, ол кісі бізде жәбірленуші болып танылған. Оның үстіне ауруханада жатыр. Мүмкін ақшасын қайтарып алған болар», - деді ол.11 сәуір күні Бағила Досмайылова астанадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген болатын.