Әлеуметтік желіде науқастың медицина қызметкеріне соққы жұмсаған сәті видеоға түсіп қалды. Оқиға Қарағанды қаласының Х.Ж. Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығында болған.
Ауруханада дәрігерге шабуыл жасау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. «Аталмыш факт тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.Сонымен қатар бұл жағдайға қатысты денсаулық сақтау басқармасы да мәлімдеме жасады.
«16 сәуірде профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы аурухананың жарақат пунктіне 1986 жылы туған ер адам оң жақ қол аумағындағы орташа ауырсыну мен ісінуге шағымданған. Науқастың айтуынша, ол саусағын құлап, жарақаттап алған. Тексеру нәтижесінде «оң қолының жабық сынығы» диагнозы қойылып, бекітетін таңғыш салынған. Осыдан кейін пациент сүйектің қайта жылжуына жол бермеу мақсатында жедел емдеуге жіберілді. Алайда науқас гипс қоюдан үзілді-кесілді бас тартты. Ол дөрекі мінез танытып, кезекші травматологқа дене жарақатын салды», - деп хабарлады ведомстводан.