«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы жаңа құраммен өтті. Жиынға кеңес мүшелерінен бөлек партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев, мәслихат депутаты Алтынай Көбеева, Алматы қаласы Креативтік индустриялар мен Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармаларының мамандары, сарапшылар және бизнес саласының өкілдері қатысты.⠀ Отырыста «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында көрсетілген креативтік индустрия саласындағы негізгі басымдықтар мен кемшіліктер сын тезінен өткізілді. Сондай-ақ жеке бастамаларды қаржылай қолдау жөніндегі қалалық бағдарламаны іске асыру барысы талқыланды. Аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері баяндама жасады. Мұнда партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында жасалып жатқан креативті жобалар таныстырылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жұмысты жүйелендіру мақсатында бірнеше ұсыныстар берілді. Атап айтар болсақ: орта және шағын бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту және талдау жасау; креативтік индустрия саласын дамытуға бағытталған бағдарламаларды қайта қарау. Кеңес мүшелері қаржылай қолдау көрсетілетін жобалардың маңызына баса назар аудару керегін айтты. Жиын соңында кеңес төрағасы, мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген аталған бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Сонымен қатар сәуір айының соңына дейін Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының және Креативтік индустриялар басқармасы басшыларының қатысуымен кеңес отырысы қайта өтетінін жеткізді.