Ғалым Өркен Мамырбаев қазақ тіліндегі дауыстық хабарламаларды мәтінге айналдыратын жүйені жасап шығарды. Kazak ASR дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, сондай-ақ оларды мәтінге айналдырады. Әзірленген жүйе Telegram-да чат-бот ретінде жұмыс істейді. Жүйені тексеру үшін дауыстық хабарлама түймесін басып тұру керек. Жазу аяқталғаннан кейін бот сіздің дауыстық сигналдарыңызды мәтінге айналдырады. Жоба сонымен қатар танымал нидерландтық Philips компаниясының өнімдеріне біріктіріліп, жақын арада нарыққа шығады. «Сонымен қатар жиналыс немесе кездесу кезінде дыбыс жазу құрылғысын әзірледік. Жиналыс аяқталғаннан кейін құрылғы қазақ тілінде хаттама дайындайды», – дейді ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының ғылыми қызметкері Өркен Мамырбаев. Қазір Philips өнімдеріне қазақ тілінде сөйлеуді тану технологиясын енгізу бойынша құжат әзірленіп жатыр. Philips компаниясы серіктестік пен өнімді одан әрі жетілдіруді ұсынды. Егер алгоритм туралы кезең-кезеңімен айтатын болсақ, алдымен бағдарлама компьютерге жүктеледі. Содан кейін микрофонды қосу керек. Құрылғы бір уақытта екі түрлі дауысты танып, бөлек-бөлек мәтінін шығарып береді.
Н.ҚҰРАЛБАЕВА