Депутаттар халықтың мұң-мұқтажын тыңдады
Депутаттар халықтың мұң-мұқтажын тыңдады
Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қ.Тоқаев партияның кезектен тыс ХХI съезінде депутаттардың халықпен тікелей кездесуінің маңызын атап өткен еді. Осыған орай жоғарғы заң шығарушы орган өкілдері 17-26 ақпан аралығында ел ішін аралап, көпшіліктің мұң-мұқтажымен жіті танысып қайтты. Есепті мерзім ішінде Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының мүшелері 766 елді мекенде болып, 1 200-ден астам кездесу өткізді. Олар халыққа заң шығару қызметін түсіндірумен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, азаматтарды қабылдады. Осы сапар барысында барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 321-i қолма-қол оң шешімін тапты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында Мәжіліс депутаттары Берік Оспанов, Жұлдыз Сүлейменова, Альберт Pay және Екатерина Смышляева әңгімелеп берді. Депутаттардың айтуынша, халықпен кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындарды жиі толғандыратын 1 209 түйінді мәселе анықталған. Олардың 40 пайызы әлеуметтік саланы қамтиды: ден­саулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және еңбекті қорғау. Сондай-ақ арыз-шағымның 30 пайызы заң шығару ісі және 21 пайызы экономиканың базалық сала­лары бойынша қойылған. Баспасөз конференциясында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кездесулер кезінде көтерілген мәселелерді үш топқа бөлуге болатынын айтты: біріншісі, жергілікті биліктің құзырындағы тез шешілетін іс; екіншісі, ортамерзімді кезеңде шешімін күткен мәселелер; үшін­шісі, Үкіметтің пәрменін немесе Пар­ламенттің заң шығару қызметін қажет ететін күрделі проблемалар. Депутаттар бұл күндері 40 мыңнан астам сайлаушымен кездесті. Азаматтарды қабылдау тек облыс, аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да ұйым­дасты­рылды. Олар қоғамдағы әрбір әлеу­меттік топ өкілдерімен кездесті. Оның ішінде көп­балалы аналар да, мұқ­таждығы ерекше жандар да, жұмыссыздар, бас­қалары да бар. Сапар барысында ай­тылған арыз-шағымдардың бәрі жи­нақталып, жүйе­леніп-жіктелді. Енді әр бағыт бойынша жұмыстар жүр­гізілетін болады. «Мәселен, бізге оқулықтардың автор­лары, мектеп ұжымдары мен ата-аналар келіп, оқу әдебиетiнiң сапасына қатысты наразылығын білдірді. Өйткені оқулықты таңдау құқы берілгенімен, оның заңды механизмі жасалмаған. Осыған байла­нысты депутаттар тиісті заңға түзетулер енгiздi, ол қазір Сенаттың қарауында жа­тыр», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында өткен жиында мәжілісмендер кездесулерде азаматтар ауыл шаруа­шы­лығын, шағын және орта бизнесті қолдау, инженерлік инфрақұры­лымды дамыту және т.б. мәселелерді көптеп көтергеніне де назар аударды. Жап­пай қым­­батшылыққа шағымданғандар да болған. Соның ішінде тұрғын үй баға­сының күрт көтерілуі сөз болды. Бұл жерде қымбат­шылықты нарықтың өзі тудырып отыр ма әлде ірі құрылыс ком­паниялары баға бойынша өзара сөз байласты ма деген де күмән тууы кәдік. Бұл туралы баспасөз конференциясында мәжілісмен Альберт Рау мәлімдеді: «Мысалы, жекелеген материалдар ту­ралы айтатын болсақ, отандық кәсіп­орын­дар цементті ішкі нарыққа қажетті кө­лемнен екі есе артық өндіреді. Яғни оның қымбаттауына еш негіз жоқ. Сондай-ақ арматурамен нарықты 80 пайыз қамтиды. Мұндай жағдайда материалдардың же­тіспеушілігі туралы айтудың өзі артық. Бұл жерде ең батысы қымбатшылық неден туын­дап отыр, соны анықтау қажет»,– деді мәжілісмен. мұң-мұқтаж Әлбетте, ауылдың проблемасы аз емес, соның ішінде ең көкейтестісі – жайылым мен шабындықтың жетіспеушілігі. Өйт­кені ауылдық жерлерде жұмыс жоққа тән, ауыл тұрғындары негізінен мал бағып, құс өсіріп күн көріп отыр. Ауылдықтардың өмі­рі қолдарындағы қара-құрамен тығыз бай­ланысты. Ал жайылым жерлердің тап­шылығы ағайынға мал ұстауға мұрша бермейді, жұртшылықты ең қинайтыны да осы. Бұл проблеманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақсы біледі. Сол себепті Үкіметке бос жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекет меншігіне алып, мұқ­­таж адамдарға жайылымдық, ша­бын­дық жерлерді тарату туралы тапсырма бер­ген. Сөйтіп, 2019 -2020 жылдары кос­мо­­мониторинг арқылы миллиондаған гек­­тар бос жатқан жерлер мемлекет мен­ші­гіне қайтарылған. Бірақ кейінгі 1,5-2 жыл­ ішінде бұл жұмыс мүлдем саябырсыды, тіпті тоқтап қалды десе де болады. Бұл ту­ралы «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында өткен жиында мәжілісмен Берік Оспанов былай дейді: «Қазақстанда 185 млн гектар жайы­лымдық жер бар, бұл халықтың қолындағы мал басын асырауға артығымен жетеді. Бірақ қолда бар осы мол ресурс дұрыс бө­лінбеген. Ауыл маңындағы мал бағуға ар­налған жайы­лымдар ірі жер иеленушілердің қо­лына өтіп кеткен, әйтпесе егістік алқа­бы­на айналған, сондықтан тұрғындарға мал бағатын жер қалмаған», – дейді Б.Оспанов. Мәселен, жекеменшіктің қолындағы малдың жайылымы үшін 22 млн гектар жер жетпейтін көрінеді. Сөйте тұра, ірі лати­фундистердің қолында пайдаланусыз 44 млн гектар бос жатыр. Қазір осы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жүргізіліп жатыр, заңға енгізілген кейінгі өзгертулер бойынша Үкімет енді бос учаскелерді 4 ай мерзім ішінде алып қоя алады. Сондай-ақ ауылдық жерде ушығып тұрған мәселенің бірі – ауызсу. Осыған байланысты жаңадан салынатын сумен жабдықтау нысандарының тізбесіне фракция депутаттарының ұсынысымен бұрынғы бекітілген нысандарға қосымша тағы 82 жоба қосылған. Биыл сумен жабдықтау ісіне бюджеттен 100 млрд теңге бөлінген. Ал жергілікті жолдарды жөндеуге 300 млрд теңге қарастырылған. Баспасөз конференциясында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева халықтың денсаулығы туралы мәселені қозғады. Ол алыс ауылдардағы медициналық қызмет көрсету сапасының ойдағыдай емес екенін айта келіп, бұл мә­селені ішінара болса да денсаулық пойыздары арқылы шешуге болатынын жеткізді. «Шалғай ауылдардан «Медициналық пойыз» жобасын кайтадан іске қосу жө­нінде өтiнiш көп болды. Өйткені елді ме­кеннің тұрғындары дәрігерлік алдын ала немесе күрделі тексерулерден өтуі үшін аудан орталығына баруға мәжбүр болады. Ал ол қосымша қаржылық шығынға ұрындырып, емделушінің уақытын жейді. Тіпті, әрлі-берлі жүруге әркімнің жағдайы жете бермеуі мүмкін», – деді Екатерина Смышляева. Егер ауыл аудан орталығынан тым алыста жатса әрі жолы шұрық-тесік жамау болса, ондай жолмен науқас адам түгілі, денсаулығы мықты адамның өзінің сапар шегуі оңай емес-ау. Осы проблеманы шешу үшін депутаттар Үкіметпен бірлесіп жұмыс істей отырып, 2022 жылдың мамыр айынан бастап медициналық пойыздардың қайта­дан ел аралап шығуына қол жеткізді. Мәжіліс депутаттары «AMANAT» пар­тия­сының баспасөз орталығында өткен жиында халық көтерген арыз-шағымдарды жинақтап, ол бойынша Үкіметке арнайы хат дайындалғанын да айтты.