Нұр-Сұлтан қаласында инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Себебі тұрғындар саны жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, әлеуметтік нысандарға да, инженерлік желілерге де қосымша күш түседі. Одан бөлек, инфрақұрылымдық даму – өмір сапасының негізгі көрсеткіші. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, осы мәселені шешу үшін бірқатар стратегиялық нысандардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, суға қатысты мәселелерді шешу үшін өткен жылдан бастап сорғы-сүзгі стансасының (ССС-3) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі, ал 2023 жылдан бастап жаңа ССС-3 жұмысының қуатын ұлғайтамыз. Бұл болашақ құрылыс алаңдарын ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазіргі су беру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір тәулігіне 300 мың текше метрді тұтынатын болсақ, онда ССС-3 қуаты тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам қуат береді, – деді Алтай Көлгінов. Сонымен, жолдарды жөндеу, ауызсу тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу әрдайым басты назарда. Атап айтқанда, қала әкімдігі ЖЭО-3 құрылысын жаңғыртудан бөлек, үш жергілікті газ қазандығын жобалау бойынша жұмыстарды бастады. Газ қазандықтарының қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, бұл ЖЭО-3 қуатынан 3 есе көп. Сондай-ақ елордада қаланы газдандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды. Кәріздерді тазарту, электр желілерін жаңғырту, «Арай», «Жұлдыз» сияқты өзге де қосалқы стансаларды жобалау, реконструкциялау бойынша жұмыстар жоспарланған. Бұл іс-шаралардан бөлек, қала инфрақұрылымын дамыту бағытында қыруар жұмыстар жасалуда және ол алдағы уақытта жалғаса береді. Айта кетейік, қала мәслихаты қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық бақылауды әзірлеуге мүмкіндік беретін кешенді көлік схемасының (ККС) тұжырымдамасын қабылдады.