Қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» қоры құрылған еді. Әу баста қор жұмысына алаңдаушылық танытып, «көп қордың бірі болып кетпей ме?» дегендер де болды. 3 ай ішінде қор жұмысын бастап, нақты іске кіріскен. Алайда халыққа арналған қордың ашықтығына тағылар сын азаймай тұр. Президент бұл қорға, әсіресе елдің қазынасынан үлес ала жүріп байыған бір шоғыр байлар қаржы құюы керек екенін айтты. Бүгінде қоғамдық қордың қоржынына 126,05 миллиард теңгеге жуық қаржы аударылды. Ақпарат көздеріне жарияланған мәліметтерден жұртшылық ірі компания, ұйымдар мен жеке тұлғалардан түсіп жатқан қаржы көлемін көріп отыр. «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әйгерім Есенәлінің айтуынша, қазірдің өзінде қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің отбасына 133 млн теңге, ауыр жарақат алғандардың отбасына 318 млн теңге, кездейсоқ құрбан болған азаматтар мен жапа шеккен балалардың отбасына 35 және 9 млн теңге көлемінде қолдау жасалды. Қор құрылғалы бері 35 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның ішінде «несиемді төлеп бер» дегендер де, тұрмысы ауыр жандар да бар. Өтінім жіберу үшін пайдаланушы қайырымдылық ұйымдарының халықпен жұмыс істейтін бірыңғай алаңы www.atamekenim.kz сайтына ақпараттарын орналастыруы керек. Сайт eGov.kz электронды үкімет порталының мәліметтер базасымен біріктірілгендіктен, қорға ешбір адамның аты-жөні нақты келіп түспейді. Тек олардың ID нөмірі келеді. – Қор еліміздегі сирек кездесетін аурулардың бірі – орфандық ауруы бар балаларға көмектесетін жобаға 9,7 млрд теңге бөлді. Әлемдегі ең қымбат дәрі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген zolgensma дәрісін алдырдық. Бұл дәрі Қазақстанда тіркелмегендіктен, Денсаулық сақтау министрлігі елімізге алдыра алмайды. Сондықтан министрліктің қолынан келмегендіктен, «Қазақстан халқына» қоры бұл іске кірісті. Яғни, шетелге емге жібере алмайтын, елімізде емдеуге квота қарастырылмаған жағдайда біздің қор жәрдемдеседі. Қазір zolgensma дәрісін елімізге алдырып, 4 балаға салдырдық. Жағдайлары жақсы. Тағы бір балаға келісімшарт жасаудамыз,– дейді Әйгерім Есенәлі. Айта кетсек, бұл шешімдерді қордың атынан бір адам ғана қабылдамайды. Орфандық дертке, медициналық қызмет көрсетуге, білім беру саласына, қайырымдылық бойынша арнайы комитеттер бар. Жақында спорт пен мәдениетке арналған комитет құрылады. Комитет сарапшылары көмек көрсететін жандарды анықтап, қамқоршылық кеңеске ұсынады. Барлығы мақұлданғаннан кейін ғана қордан қаржы бөлінеді екен. Қордың ресми өкілінің айтуынша, қорға демеушілерден келіп түсетін қаржы қазір тоқтап тұр. Уақыт өте келе қордың жұмысы халықтың көңілінен шығып, сеніміне ие болса, демеушілердің қайта дем берері сөзсіз. Алайда қатардағы көп қордың бірі болса, бірнеше жылдан кейін жабылып немесе мемлекетке масыл болуы да әбден мүмкін.
Судың да сұрауы бар
Көптің көңілін күпті етіп отырған мәселе – қордың қамқоршылар кеңесі құрамында өңірлердің белгілі азаматтарының болмауы, көбінің мемлекеттік тілге шорқақ болуы, сонымен қатар ел арасында беделінің төмендігі. – Қор төрағасы Болат Жәмішев кабинетте отырмай, ел аралап, халықпен бірге болуы керек еді. «Қазақстан халқына» деп қордың аты айтып тұрғандай бұл қордың негізгі мақсаты – қарапайым халықтың игілігіне жарау. Бірақ қор жұмыс бастағалы 3 ай өтсе де, істеп жатқан жұмыстары көңіл көншітпейді. Қор халыққа болысудың орнына алдымен қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған әскерилерге, ұлттық қауіпсіздік саласының қызметкерлеріне 495 миллион теңге бөлді. Оларға қор көмектеспесе де, ішкі істер органдары болысар еді. Алайда қор өз атына сай болмай тұр, – дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов. [caption id="attachment_193223" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Иә, қаңтар оқиғасынан зардап шеккен қарапайым азаматтар қаншама?! Олар әлі күнге дейін өз қаржыларына емделіп жүр. Неге соларға көмектеспеске? Олай болса, қор ең бірінші азаматтардың әлеуметтік жағдайларын көтеруге қадам жасауы тиіс еді. Бұл да орындалмады. Екіншіден, қордың қызметі ашық емес. Ресми сайттарына кіріп, қарап шыққанымызда қаржының нақты қандай есепшотқа аударылғанын көрмедік. Бұл күмән тудырады. Бір ғана мысал, Қамқоршылық кеңестің төрағасы Юрий Пяның атындағы University Medical Center корпоративтік қоры және «Новартис» биофармацевтикалық компаниясы арасындағы келісімшарт негізінде елімізде тіркелмеген Onasemnogene Abeparvovec (Zolgensma) дәрілік өнімін жеткізуге және дәрігерлерді препаратты қолдануға оқытуды ұйымдастыруға 4 млрд теңге төленіпті. Юрий Пя ашықтан-ашық корпоративтік қорына ақша бөлдіріп отыр. Ол жерде нақты қаншасы дәріге кетеді, нақты қаншасының дәрігерлерді оқытуға арналғаны тағы беймәлім. Ендеше Пя мырза не Қамқоршылық кеңесті, не жеке қорын таңдауы керек. Қамқоршылық кеңестің құрамындағы тұлғалардың барлығын бірдей халық танып, мойындамайды. Сондықтан елдің сене қоюы да екіталай. Егер тек Алматы қаласының қоры болса, бір жөн. Ал бұл «Қазақстан халқының» қоры болғандықтан, шалғай ауыл-аймақтардың мәселесін білетін, қарапайым адамдардың жағдайын түсінетін, қалың жұрттың алдына ашық шыға алатын адамдар қамқоршылық кеңесте болуы тиіс. Сондай-ақ қорға барлық адамның қолы бірдей жетпейді. Жақында еліміздегі құлағы нашар еститін 3 мың баланың ата-анасы қордан көмек ала алмадық деп шулады. «Қор қазір жиналған миллиардтардың барлығын бірден көмекке мұқтаж жандарға бөлмей, банктің депозиттеріне сақтап, қызметкерлеріне айлық төлеп отыр. Меніңше, қорда тегін жұмыс істеуге әр өңірден волонтерлер тарту керек еді. Депозиттен түсетін қаржының әр тиыны көмекке арналғаны жөн», – дейді Мұрат Әбенов. Негізі, заң бойынша қайырымдылық қорына түскен ақша тек қайырымдылыққа жұмсалады. Бірақ бір айта кететін жайт, қайырымдылық қорына түскен ақша уақытша депозиттерге салынады. Яғни, банкпен арада келісімшарт жасалады. Ал кез келген депозиттің үстіне пайыз қосылады. Заң бойынша салым кезіндегі пайыз сол қайырымдылық қорына тиесілі. Яғни, айлық содан төленіп отыр. Айта кету керек, қордың негізгі мақсаты – қиналғанға жәрдем беру емес, елді біріктіру. Ал қазіргі қордың басшылары қорға қаржылық орталық сияқты қарайтындай. «Қазақстан халқына» қоры жеке қор болып саналғандықтан, оны тексеру де, жұмысына араласу да мүмкін емес. Сондықтан қордың жұмысын бейтарап қадағалайтын Қоғамдық бақылау кеңесін құру артық етпейді.Әлеумет назардан тыс қалды
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, қазір қор тек медициналық бағытта жәрдем көрсетіп жатыр. Негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болғандықтан, ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға да қаржы бөлуі керек. Халықтың белгілі бір тобы ғана қордың игілігін көрмей, басқа да әлеуметтік осал топтар көмек алуы қажет. – Экономикада «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген түсінік бар. Дамыған мемлекетте бұл тұжырым тиімді жұмыс істейді. Шетелде бизнес ашу адамдардың өмірін жақсарту деген түсінікпен байланысты. Сәйкесінше кәсіпкерлер ең бірінші өз пайдасын емес, халықтың жағдайын ойлайды. Бізде, керісінше мемлекеттің қолдауымен бизнесін дөңгелетіп алған кәсіпкерлер пайдаға кенелгеннен кейін қайтарымын халыққа бермейді. Қорды құрудағы басты мақсат – ірі қаржы аудару арқылы халыққа көмектесу,– дейді Бауыржан Ысқақов. Сарапшылардың пікірінше, қор әр тоқсан сайын атқарған жұмысына халық алдында есеп беріп отырса артық емес. Қор қызметкерлерінің жалақысы мен қосымша шығындары 5 пайыздан аспауы тиіс. 40-50 пайызын кеңсесі мен қызметкерлердің жүріп-тұрған шығынына, сыйақыларына жұмсайтын болса, қордан нәтиже күтіп керек емес. Экономист қор қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа еңбекақы 272 мың теңге болуы керек деп санайды. «500 мың теңге қор қызметкерлеріне өте көп жалақы. Өйткені олар қаржыны өздері тауып отырған жоқ. Тек түскен ақшаны дұрыс үйлестіріп, ұйымдастырса жетеді. Шетелден ғалым шақырып ашатындай жаңалық емес. Штаттың да санын көбейтудің қажеті жоқ», – дейді Бауыржан Ысқақов. Қорға тек олигархтар қаржы тапсырған жоқ. Еліміздегі бірқатар мекеме қаңтар оқиғасы кезінде біркүндік айлықтарын беріп, кейбірі жұдырықтай жұмылды. Ендеше халыққа тиесілі қор қаржысының әрбір тиынының сұрауы бар. Оны «бармақ басты, көз қыстымен» иемденіп алу – елге жасаған үлкен опасыздық.