Апта басталғалы әлеуметтік желіде ресейлік сарбаздар мінген әскери жүк көліктерінің Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендерге кіргені жайлы бейнежазба көп тарады. Видео Бөкей орда ауданындағы Темір Масин атындағы селолық округ маңында түсірілген. Бұдан кейін қоғамда аздаған дүрлігу болғаны жасырын емес. Қазіргідей геосаяси жағдай ушыққан тұста алаңдаушылар көп. Сонымен, шетелдік сарбаздар еліміздің аумағына не үшін кірген, кім рұқсат берген? Осы жайында аз-кем әңгіме тарқатсақ.
Көрші әскері шекарамыздан жиі өтетін болған
Көпшілік осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК-ға қарасты Шекара қызметіне сұрау салып, жауап алғысы келгені анық. Жасыратыны жоқ, Ресей мен Украина арасы ушығып тұрған тұста теріскейдегі елдің бірқатар саясаткері Қазақстанға да «шүйліккендей» кейіп көрсеткен болатын. Елемей-ақ қоюға болар еді, алайда соңғы кезде көршіміздің идеологиясын еліміздің аумағында әскери, ақпараттық, мәдени тұрғыдан да насихаттаушылар артып кетті. Ресей туын ұстаған әскери жүк көліктері шекараға жақын маңдағы елді мекендерде емін-еркін жүруі қарапайым жұрттың зәресін алатыны түсінікті. Алғашында ақпарат пен бейнежазба жалған болар деп ойладық. Бірақ көп ұзамай облыстағы Бөкей орда ауданының әкімдігі шетелдік әскери жүк көліктерінің бейбіт тұрғындары бар елді мекенге кіргенін растады. «Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында ресейлік әскерлердің көліктері жүргені туралы әлеуметтік желілерде тараған бейнетүсірілім бойынша келесіні хабарлаймыз: 18 сәуірде ресейлік әскери көліктер аудан аумағында орналасқан полигон аймағына бара жатқан кезде Бөкей ордасы ауданының Темір Масин ауылдық округі Бөрлі ауылындағы дүкенге соғып, азық-түлік алып, көп кідірмей бірден жолын жалғастырды. Ресей әскерінің тарапынан қандай да бір заңсыз іс-әрекеттер мен оқиғалар болған жоқ», – деп мәлімдеді. Бұл жауапқа ешкімнің көңілі толмағанын аңғардық. Керісінше, аудан әкімдігінің осы жауабынан кейін наразы пікір мен сын айтқан жұрттың қарасы көбейді. Артынша Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ресми мәлімдеме жасап әлек болды. Сөйтсек, Ресей әскери дайындық өткізу үшін Қазақстаннан жалға алған полигондардың бірі осы аумақта екен. Яғни, жаттығу өткізу үшін келген. «Ресей әскерилері Бөкей ордасы ауданындағы полигонға кетіп бара жатқан. Олар жолшыбай Бөрлі ауылында дүкенге кіріп, азық-түлік алып, көп кідірмей жолға шыққан. Олар заңға қайшы ештеңе жасамаған», – деді әкімдік өкілдері. Бірақ бұл тұста да қайшылық көп. Өйткені «әскери жаттығуға бара жатқан сарбаздарға елді мекенге кіруге кім рұқсат берді?» деген заңды сауал туындайды. Бәрінен бұрын олар азық-түлігін де өздерімен бірге қамдап келуі тиіс еді. Әйтпесе, «ештеңе істеген жоқ» деген сөз жағдайды ақтауға себеп емес. Рас, теріскейдегі жұрт Қазақстанның үш аймағынан (Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облысы) әскери полигондарды жалға алған. Енді қараңыз, өткен наурыз айында Қостанай көшелерінде жүрген Ресей әскери техникаларының бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарады. Сол оқиғаға түсініктеме берген Қорғаныс министрлігі Қостанай облысында ресейлік іздеу-құтқару командасы өкілдерінің сол өңірге қонған ғарышкерлер капсуласын іздеп жүргенін айтқан. Қостанайда шетелдіктер жалға алған әскери полигон жоқ. Ал «ғарышкерлер капсуласы» көңілдегі күмәнді еселеген дүние болып қала берді.Қорғаныс министрлігі қауіптенбейді
Оқиғаны толыққанды зерделеу үшін Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің жауабын естігіміз келген. Сыртқы істер министрлігінің де көзқарасын білуге тырыстық. Дегенмен Шекара қызметімен байланысу мүмкін болмады. Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Қорғаныс министрлігіне жөн сілтеді. Дәл осы ведомство аталған оқиғада «байбалам салар негіз жоқ» дегенге келтіріп отыр. Салаға жауапты министр Руслан Жақсылықов мәселеге орай БАҚ өкілдеріне арнайы жауап та берген. Басшы шетелдерден еш қауіп болмайтынына бар болмысымен сенетін тәрізді. Жақсылықов елді мекенге көрші елдің әскері кіргенін сынаушыларды «арандатушыға» балағандай болды. «Тек ресми дерекке сенген жөн. Бір нәрсе бола қалған күннің өзінде мемлекетімізді қорғауымыз керек. Қазақстан халқы ештеңеге алаңдамай-ақ қойсын. Кейбір проблемалар бар, бірақ біртіндеп шешіліп жатыр», – деді министр. Кез келген нәрсенің құқықтық жағын ескерген абзал. Біз жоғарыда Батыс Қазақстан облысы аумағында көршімізге жалға берілген әскери полигондар барын айттық. Яғни, полигонға баратын жолды жаба алмаймыз. Ал сол жолдың бойындағы елді мекендерге кіруге келісім бойынша тыйым салынбаған болуы мүмкін. Оның үстіне, біз ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Бұл ұйымға мүше елдер бірігіп келісім бойынша жаңа трансұлттық қауіптерге қарсы тұрып, ықтимал аймақтық немесе шағын қақтығыстардың алдын алуға мүдделі болады. Ал ұйымда үлесі басым Ресей түрлі желеумен өз мүмкіндігін кең пайдалануы мүмкін. Саясаттанушы Дос Көшім бұл оқиғадан кейін қуантарлық нәрселер де болып жатқанын айтады. – Әскери полигонды жалға алғандағы келісім алдымызда жоқ. Сондықтан онда не көрсетілгенін білмейміз. Егер жол бойынша тынығуға, елді мекендерге бас сұғуға тыйым салған тұсы болса, әңгіме басқа болар еді. Алайда шу шығарып, сын айтқан ел-жұртты түсінуге болады. Себебі біздің саяси, ұлттық хәліміз Украинамен бірдей. Сондықтан халық келешекте сондай жағдай басына келуі мүмкін екенін түсінеді. Риза болған тұсым – біздегі жергілікті билік пен салаға жауаптылар уақытында, нақты жауап берді. Біз қайдан білеміз, мүмкін дәл сол жерден Ресей әскері бұрын да өтіп жүрген шығар? Жергілікті халық енді назар аударып, мәселе көтерген болар. Яғни, агрессияға, басқыншылық саясатқа қарсы көзқарас барына қуанам. Бұл – жергілікті халықтың берген бағасы, – дейді ол.ТҮЙІН: Шамасы, бұл тақырып жақын арада жабыла қоймайды. Оқиғаның мән-жайы жөнінде жауаптыларға әлде де сұрау салынатыны анық. Әйтеуір, бәрі келісімнің аясында болғаны жөн. Онсыз да геосаяси жағдай ушығып тұрғанда көрші еш заңсыздыққа бармағаны абзал тәрізді.