Енді Семей полигонынан зардап шеккендер мемлекет тарапынан төленетін төлемдерді портал арқылы онлайн рәсімдей алады. Бұл туралы egov.kz сайтында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекеттен біржолғы төлемді Семей сынақ полигонының аумағында 1949-1965 жылдар, сондай-ақ 1966-1990 жылдары өмір сүрген азаматтар ала алады. Биыл порталда жаңа қызмет іске қосылды. Полигоннан зардап шеккендер жеңілдіктер мен өтемақы алуға қажетті куәлікті онлайн ала алады. «Бұл қызмет бұрын ХҚКО арқылы қағаз түрінде ғана берілетін. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз мемлекеттік органдармен бірлесіп қызметті онлайн форматқа көшірдік. Бұл Семей өңірінің тұрғындары үшін өте маңызды және қажетті қызмет деп санаймыз», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин. Қызметті пайдалану үшін egov.kz порталына кіріп, басты бетте «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімін ашып, «Отбасыларға көмек» тармағын таңдап, қажет қызметті таңдау қерек. Әрі қарай, пайдаланушы:
- порталда авторизацияланады;
- онлайн қызметке тапсырыс береді;
- барлық қажетті ақпаратты толтырады;
- ЭЦҚ немесе екі факторлы аутентификация көмегімен өтінімге қол қояды.