13 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігітке электронды білезік тағылды
13 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігітке электронды білезік тағылды
© janalyq.kz
Түркістанда 13 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, сотталған  жігітке электронды білезік тағылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 2020 жылы желтоқсан айында КТК телеарнасының “Астарлы ақиқат” бағдарламасында 13 жасымда зорландым, 15 жасымда ана атандым деп Назакат Рахметова ақиқатын іздеп, бағдарламаға шыққан болатын. Көрерменнің жағасын ұстатқан қылмыстық оқиғаны талқылау төрт күнге созылған еді. Менің баламның әкесі Хасан деп жар салған жас қыздың ұлының әкесі басқа адам болып шықты. Бүгінде сол бағдарламада ақиқаты ашылған Хасанға электронды бақылау құрылғысы тағылды. Өзінің қылмысын мойындаған Хасан Рашидов Түркістан қалалық сотының үкімімен екі жылға шартты түрде сотталған болатын. Ол Түркістан қалалық пробация есебінде жазасын өтеуде.
–  Осы бағдарламаға шыққаным анама ауыр тиді. Әрине, өзім де біраз уақыт үйден де шыға алмай қалдым. Бәрі де келісіммен болды. Ақырында педофил атандым. Қатты қынжыламын. Өзімнің жасаған қателігіме өкінемін. Осы жылдың аяғында жазамды өтеп бітемін. Өзіме берілген уақытты аман-есен аяқтап, жаңа өмір бастасам деймін, – деді сотталған Хасан Рашидов.
– Бұл электронды білезіктің сотталғандарға бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайынан алысқа кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса, дабыл сигналы тәрізді белгі түседі. Сондай-ақ, сотталғандарда бір немесе екі ескерту болса, ол сотталғандарға білезік кигізіледі. Сотталған белгісіз бағытқа қарай кетсе, бірден сигнал түседі. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылатын болады, – деді Түркістан қалалық пробация қызметінің бастығы Ақмарал Торланова. Ақмарал Торланованың сөзіне қарағанда, Түркістан қалалық пробация қызметі Хасан Рашидовтан бөлек тағы да бес сотталғанға электронды білезік тағылды. Алты адамның үшеуі педофил санатында, қалған үш сотталған қылмысқа бейім болғаны үшін электронды бақылауға алынған. Пробация қызметінің инспекторлары аталған алты сотталғанды планшет арқылы қадағалап отыратын болады.