Boeing Қазақстанда орналасуы мүмкін
Boeing Қазақстанда орналасуы мүмкін
169
оқылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Boeing компаниясымен тренажерлік және техникалық орталықтарды Қазақстанда орналастыру мүмкіндігін талқылады. Ведомствоға қарасты Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Boeing компаниясының вице-президенті Монте Фрейзермен кездесу өткізді. Әуелі жиында Boeing 737 MAX және 787 Dreamliner әуекемелерін Air Astana және SCAT әуекомпанияларына жеткізу мәселелері сөз болған. Министрлік мәліметіне сенсек, Т.Ластаев пен М.Фрейзер ҚР мен АҚШ арасында тікелей әуеқатынасын ашу, сондай-ақ Қазақстанда Boeing компаниясының жаттығу және техникалық орталықтарын орналастыру мүмкіндігіне қатысты мәселелерді де күн тәртібіне шығарған. «Екі тарап Boeing компаниясының АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) Ұшу қауіпсіздігін халықаралық бағалауынан (IASA) жедел өту үшін Қазақстанның авиациялық әкім­шілігіне өтеусіз техникалық көмек беру және ҚР мен АҚШ арасындағы тікелей рейсті іске қосу үшін CAT1 мәртебесін алу туралы уағдаласты», – делінген мәліметте. Әлемдік тәжірибені негізге алатын болсақ, арнайы консалтингтік компаниялардың техникалық тұрғыдан қолдау көрсетуінің орташа құны шамамен 2-2,5 млн долларды құрайды. Қол жеткізген уағдаластық шеңберінде биыл мамыр айының соңына таяу Boeing мамандары Нұр-Сұлтан қаласына келеді. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Қазақ­станда азаматтық авиация саласындағы жастарға арналған Boeing компаниясының арнайы оқыту бағдарламасын ұйымдастыру туралы келісімге келді.