20% жарна жобаларға жұмсалуда
20% жарна жобаларға жұмсалуда
«AMANAT»-тың 1 наурызда өткен съезінде партия мүшелері жергілікті жерлерде жобаларды іске асыру үшін бастауыш партия ұйымдарына партиялық жарналардың 20 пайызын қайтару тәжірибесін енгізуді ұсынды. Бұл бастаманы партия Төрағасы Қ.Тоқаев қолдады. Партиялық жарналардың бір бөлігі сәуір айынан бастап БПҰ-на қайтарыла бастады. Бүгінде бір қатар өңірде партия мүшелері алғашқы іс-шара өткізіп те үлгерді. Мәселен, Петропавлда «Денсаулық» БПҰ №2 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырды. Қайтарылған қаражатқа жарысқа қатысушыларға қажетті құрал-саймандар, сыйлықтар мен грамоталар сатып алынды. Ал Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Ұзынағаш» БПҰ мүшелері «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында көпбалалы 5 отбасына азық-түлік себетін табыс етті. партия жоба «Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, осы жылдың сәуір айынан бастап партия мүшелері төлеген жарнаның 20 пайызы жергілікті бастауыш партия ұйымдарына қайтарылып жатыр. Міне, сол қаражатқа біз ешқандай демеушілердің көмегінсіз партиялық жобаларды жүзеге асырудамыз», – деді партияның Алматы облысы Жамбыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ықылас Амалбек. Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Дөң КБК» БПҰ мүшелері онкологиялық дертке шалдыққан балаға қолдау көрсетуді жөн деп тапты. Жетім қалған Айбек Сұлтановқа елордада емделу үшін жол шығындары төленді.