Қазақстанда жыныс ауыстыру бойынша әр жыл сайын 3-4 ота жасалады. Бұл жайында пластикалық хирург Леон Дерябин мәлімдеді. Негізі, жыныс ауыстыру ең қиын пластикалық хирургияның бірі саналады. Ер адамның әйелге, әйелдің ер адамға айналуы бірнеше кезеңде өтетіні түсінікті. Операциядан кейін ұзақ уақыт қалпына келтіру жұмысы бар. Жынысын ауыстырғысы келетін адам операция үшін қомақты қаржы төлеп, құжаттарын да ауыстыруы тиіс. «Жыныс ауыстыру операциясы өте күрделі, жыл сайын орта есеппен 3-4 адам жүгінеді. Паспорт деректерін өзгертіп, оңалтудың ұзақ кезеңі қажет. Бұл хирургтің ғана емес, дұрыс гормоналды баптауды таңдайтын эндокринологтің де жұмысы. Барлық пластикалық отаның құны әртүрлі, бәрі қойылған міндеттерге байланысты, бірақ барлық ота қымбат», – дейді хирург. Күрделі емес және елде кең тараған операция жыныс мүшесін үлкейту екен. Бұл операцияға жігіттер жиі жүгінеді. Бірақ хирургтер қанша лигаментотомия жасалатынын айтпайды. «Жыныс мүшесін үлкейту елде кең таралған операция. Лигаментотомия деп экстендермен жасалатын операция аталады. Бұл жыныс мүшесін ұзартуға, созуға арналған арнайы құрылғы. Кез келген ота сияқты операциядан кейінгі кезеңде асқынулар болуы мүмкін, бұған хирург пен науқас мұқият назар аударуы қажет. Резиденттер мұндай операцияны жасамайды, тек резидентураны аяқтағаннан кейін ғана жасайды», – дейді Дерябин. Қазақстанда пластикалық оталардың танымалдығы бойынша алғашқы үштікті әйелдерге арналған процедуралар құрайды. Бұл периорбитопластика, яғни көз айналасын жасарту әдістерімен біріккен блефаропластика, маммопластика – сүт безін үлкейту және липосакция. Ал 2019 жылдан бастап Қазақстанда пластикалық хирургтер оқытылып жатыр.