Саяси жаңғырулар дүбірі естілді
Саяси жаңғырулар дүбірі естілді
190
оқылды
Сарапшыларды  айтуынша, соңғы жылдары азаматтық белсенділік төмендеді. Бұқара саяси мәселелерге, шешімдер қабылдауға араласудан біршама «аластатылды», шеттеп қалды. Бұған бертінде карантин шектеулері үстемеленді: мемлекетке бар күш-жігерін жаһандық індетпен күреске жұмылдыруға, батыл қимылдауға, тиісінше, қоғамның бір бөлігінің наразылығын басуға, митингтерді тыюға тура келді. Нәтижесінде, қоғам саяси жаңғыруларға, сөз бостандығына сусағаны байқалады. Демократияға сұранысты ел Президентінің биыл басталған «Жаңа Қазақстанды» құру бағдарламасы ғана қанағаттандыруы тиіс.

Партиялық шынайы бәсеке жанданады

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында жарияланған саяси реформалар топтамасы аса ауқымды, нақты, жан-жақты. Оған дайындық шаралары да кеңөрісті, тыңғылықты жүргізілуде. Сонымен бірге саяси жаңғырулар қазірдің өзінде елдегі саяси үрдістерге серпін берді. Мысалы, Әділет министрі Қанат Мусиннің мәліметінше, алда кем дегенде 4 жаңа партия құрылуы мүмкін. «Соның ішінде «Халық дербестігі» партиясы тіркелудің екінші кезеңінен өтіп, растау хабарламасын алды. Олар съезін де өткізді. Заң бойынша құрылтай съезінен кейін 20 мың кандидаттың тізімі ұсынылуы керек. Тіркеу мерзімі заң бойынша уақытша тоқтатылды. Партия мүшелерінің заңға сәй­кестігі тексерілуде. Қалған 3 партияны құру І кезең деңгейінде жүріп жатыр. Яғни, партия құру ниеті туралы хабарланғаннан кейін заңға сәйкес бастамашыл топ мүшелеріне тексеру жүргізілді, олардың саны кемінде 1 мың адам болуы тиіс. ЖСН-дерінің дұрыс емесі, аты-жөнінің сәйкессіздігі анықталды, қайтыс болған азаматтар, сондай-ақ басқа партиялардың мүшелері бар екені әшке­реленді. Заң бойынша Қазақстан азаматы 1 ғана саяси партияның мүшесі бола алады, тиісінше басқа партияны құруға қатыса алмайды», – деді министр. Партия құрушылар олқылықтарды жоюы шарт. І кезеңнен «Ел тірегі», «Намыс», «Бәй­терек» партияларын құруға бастамашылар өтіп жатыр. Жаңа партия құрушылар ел Парламентінің президенттік рефор­ма­ларға  жолдама беретін заңдарды қабылдауын күтіп отыр. Сонда саяси пар­тия­ларды тіркеу рә­сімдері әлдеқайда жеңілдейді. Нақтыласақ, біріншіден, заңдар қабыл­данғаннан кейін партия құру үшін қазіргідей 20 мың емес, 5 мың мүшені жиса жеткілікті болады. Екіншіден, қолданыстағы талапқа сай жаңа партияның әрбір 17 өңірдегі филиалы кем дегенде 600 мүшеден тұруы шарт. Ол өзгереді: саяси партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз саны 200 адамға дейін төмендетіледі. Үшіншіден, партия құрушы азаматтардың бастамашыл тобы ең аз дегенде 1 мыңнан тұруы керек, енді ол 700 адамға дейін қысқартылады. Төртіншіден, саяси партия құру жөнін­дегі құрылтай съезін дайындау және өткізу мерзімі 2 айдан 3 айға дейін ұзартылады. Өйткені бұл шара қаржы көзін, демеушілерді іздеуді талап ететіні мәлім. Бесіншіден, бүгінде партия филиалдарын құруға жарты жыл ғана кесіледі. Ал өңірлер саны биыл 17-ден 20-ға дейін өсетіні белгілі. Бұл ретте филиал ашуға берілетін уақыт 6 айдан 12 айға дейін ұлғайтылмақ. Жалпы, партия құру түрлі наразы топтың іс-қимылын көшедегі қозғалыстан құқықтық өріске қайтаруға жол ашуы тиіс. Халықтың өз қарсылығын, ұстанымын, пікір-ұсынысын билікке төл партиясы арқылы жеткізуіне жол ашылады.

Тамыр-таныстықтың тамырына балта шабылады

Саяси жаңғырулар аясында Президент өзіне қатысты біраз шектеу қабылдамақ. Біріншіден, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген соң Мемлекет басшысы облыс­тардың, мегаполистердің, астананың әкімде­рі қабылдаған шешімдердің, актілерінің күшін жою немесе уақытша тоқтата тұру құ­зыретінен айырылады. Бұл аймақ басшы­ларының мәртебесін өсіруге бағытталған. Қазақстан Президенті аудан, облыстық не аудандық маңызы бар қала, сондай-ақ тіпті ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін орнынан алып тастай алмайды. Бұл да облыс пен мегаполис әкімінің еншісінде қалады. Сайланған әкімді сайлаушылар орнынан кетіре алады. Сонымен бірге саяси реформалар аясында Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің (алда – Жоғары аудиторлық палатаның) және Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің саяси партия­ларға мүшелігі де тоқтатылмақ. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Жаңа Қазақстанда болашақтағы көшбасшылардың негізгі саяси институттарды өзіне толық бағындырып алуға талпынуына тосқауыл қойылады. Бұдан бөлек, барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына кез келген партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынбақ. Мұндай шешімдер «көпполюсті партиялық жүйе» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Президенттің туыс-туғанына саяси мем­лекеттік қызметші болып тағайындалуына, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда, ұлт­тық компанияларда басшылық қызмет атқа­руына тыйым салынды. Қ.Тоқаев мәлім­де­гендей, саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болды. Яғни, бұл «Қасіретті қаңтардың» сабағы: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жекеменшігі сияқты көре бастайды. Мұндай жағдай бірінші кезекте меритократияның дамуына кедергі: ірі лауазымға дарынды, білікті маманмен бірге біліксіз, бірақ билікте тірегі бар адам таласса, соңғысы шаппай жеңіске жетеді. Содан кейін ол айналасына туыс-туған, жора-жолдастарын тарта бастайды. Қай елде болса да, тамыр-таныстық осылай кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Дамыған елдерде қолданылатын «лайықты тұлғалар үкіметі» қағидаты жайына қалады.

Мемлекетшіл тұлғалардың дәуірі туды

Әділет министрі Қанат Мусин заң бо­йынша «жақын туыстарға» кімдер жататынын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл санатқа Қазақстан Президентінің ата-анасы, қайын атасы мен енесі, өз балалары, өзін асырап алушылары, өзі асырап алған балалары, әке-шешесі бір немесе әкесі (шешесі) бір, бірақ анасы (әкесі) бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар коррупцияға қарсы іс-қимыл туралы заңнама лауазымды тұлғаның жегжаттарына, яғни жұбайының жақын туыстары үшін де шектеулер белгілейді. Осы адамдардың бәрі қандай қызметке тұра алмайды? «Президент Жарлығымен саяси және әкім­шілік мемлекеттік қызметшілер лауа­зымдарының тізілім-реестрі айқындалды. Ол тізімге министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшы­лары және басқалары жатқызылды. Сондай-ақ квазимемлекеттік секторға мемлекеттің үлесі бар ұйымдар жатады. Осылайша, заң­намалық деңгейде тиісті тыйымдар күшіне енгеннен кейін, мысалы Президенттің ағасы, әпкесі, балалары және басқасы «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтеректе», олардың құ­рамындағы ұлттық компанияларда басшы­лық қызметке орналаса алмайды», – деді министр. Экономист, кәсіпкер, «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Олжас Құдайбергенов бұл шектеудің стратегиялық маңызы бар екенін айтады. «Өйткені белгілі тұлғалар өз ұстаны­мының мығымдығына сенімді болғаны сонша, кезінде мемлекеттің стратегиялық активтерін де батыл түрде астына басты. Бизнес-амбициялардың ғаламат ауқымға дейін ұлғайғаны сонша, олар билікті өз қолына алуды мақсат ете бастады. Биліктің қолға тиюі оларға заңға бағынбауға, оның орнына ойын ережелерін өзі жазуға мүмкіндік беретін. Осы тайталаспен ел 30 жылды жоғалтып алды. Алда дүрбелеңді, аласапыранды онжылдық тұр. Оған еліміз барынша дайындалып аяқ басуы қажет еді. Дегенмен кейінгі кездегі оқиғалар қуантады. Олигархтардың мемкомпаниялардағы үлестерін қайтаруы ел аңсаған әділеттіліктің қалпына келуін білдіреді. Бұл өзгерістерді халық қуана қарсы алды», – деді сарапшы. Оның пайымдауынша, Президенттің өзіне ғана емес, туыс-туғандарына қатысты шектеу қабылдауын қазақстандықтар қызу құптап, қоштап отыр. Ел алдында Пре­зиденттің беделі өсе түсті. «Мемлекет басшысы өзінің жақын-жұра­ғаттарының мықты мемлекеттік лауазым­дарды иеленуіне тосқауыл қою арқылы халықтың ризашылығына бөленді. Шын мәнінде жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Ол Құдай қаласа, ұзақ жылға ұласып, елдің ырысын арттырады. Еліміздегі ең бай адам­дардың тізімі әлдекімнің туыстары немесе достары емес, адал жолмен өз ісін дөңгелете алған дарынды, білікті бизнесмендердің есебінен толығатын болады. Жаңа Қазақ­станда жаңа элитаның жаңа құрамы қа­лыптасады. Оған кірген азаматтар елдің тағдыры үшін жауапкершілік арқалайтынын, өз орны мен рөлін айқын түсінуі керек», – деді О.Құдайбергенов. Оның пікірінше, ескі Қазақстанда отандық элита үнемі бір-бірін талап, өзара қырқысқа дейін құлдырады. Ал қазіргі алмағайып заманда геосаяси қауіп-қатер төнген шақта жаңа элитаның ондай кесірлі қарекетке баруға құқығы жоқ. Мемлекеттік мұратты, ортақ мүддені бас пайдасынан биік қоятын тұлғалардың дәуірі туды.

Халық билігінің рөлі артады

Сарапшылар біраз жылдан бері респуб­ликада теңгерімді парламенттік жүйенің жоқ екеніне назар аудартып келді. Бұл негізсіз емес. Себебі депутаттарын халық тікелей сайлайтын Мәжіліс – депутаттарын мәслихат депутаттары сайлайтын немесе Президент тағайындайтын Сенаттың қарсылығын ең­сере алмайды. Мұны Әділет министрлігі растады: Конституцияға сәйкес, Сенат Мә­жіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдамай тастауға құқылы. Заң жобасын Мәжіліс тек мақұлдайды, қабылдау Жоғарғы палатаның еншісінде. Бұл тетік «іс жүзінде парламенттік жүйенің теңгерімділігін төмендетті». Әділет министрлігінің түсіндіруінше, мұның демократияны шектейтін тұсы бар: ешбір партияда жоқ азаматтар өкілді орган­дарға – Парламентке де, мәслихатқа да сайлану мүмкіндігінен айырылған. Соның салдарынан Президент айтқандай, халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақ­сартуға ықпал ете алатынына сенбейтін бол­ды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутат­тарды аса тани бермейді. Өйткені партияға дауыс берген. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, Қ.Тоқаев аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Сонда барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі. Қоғамның белсенді өкілдері өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға түсіп, бір мандатты округтен Мәжіліске өте алады. Оған дауыс берген тұрғындар өз мүддесін ілгерілетуді, өздерін мазалайтын мәселелерді көтеруді тікелей сол депутатынан сұрай алады. Мәжілістің депутаттық корпу­сының 70%-ы – пропорционалдық (партия­лық тізіммен), 30%-ы – мажоритарлық тә­сілмен (бір мандатты округтен) жасақталатын болады. Елді саяси жаңғыртудың негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқарудағы маңызы мен рөлін арттыру. Ал сайлау про­цестері оны жүзеге асырудың ең икемді, тиімді тәсілі саналады. Әділет министрлігі президенттік саяси жаңғыруды жүзеге асыратын заң жобаларын әзірледі. Оларды Парламент жақын арада қабылдайды деп күтілуде. Содан кейін саяси жаңғырулар көрігі қыза түспек.