Атырауда жылқылардың неден қырылғаны белгілі болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігі хабарлады. Зерттеу нәтижесінде жануарлардан деляфондиоз, гастрофилез және параскаридоз паразиттік аурулары анықталды. Қолда бар деректер бойынша, бұл аурулар - жануарлардың жаппай қырылуы мен ауруының негізгі себебі. Аурумен күресу үшін ғалымдар жануарлардың иелері мен ветеринарларға паразиттік аурулар және гельминтоздардың алдын алу, уақытлы емдеуді ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы бойынша жануарлардың аса қауіпті аурулары тізбесіне сәйкес профилактика, диагностика және жою бюджет есебінен жүргізіледі. Қалған аурулардың, оның ішінде паразиттік аулардың ветеринариялық іс-шаралары жануарлар иелерінің есебінен жүргізіледі. ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті мамандардың облысқа жасаған сапарларының қорытындысы бойынша арнайы жиналыс өткізді. Жиынға Қазақстанның жылқы өсірушілер қауымдастығының мүшелері, ғалымдар, АШМ аумақтық инспекциясының және әкімдіктің өкілдері қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша министрлік фермерлермен кездесу алаңын ұсынуға, ал ғылыми-зерттеу институттарының мамандары оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жануарларды диагностикалау мен емдеудің тиімді әдістері туралы көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Эпизоотиялық жағдай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында.