Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты 243 адам сотталды
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты 243 адам сотталды
© stan.kz
Қаңтар оқиғасына қатысты 585 күдікті қамауда отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде  Бас прокуратура 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
«Қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 265 қылмыстық іс сотқа жолданып, 243 адам сотталды. Қазіргі уақытта 585 күдікті қамауда отыр. Аталған адамдар қирату, ғимараттарды өртеу, қару жымқыру, мемлекеттік және құқық қорғау органдары ғимараттарына қарулы шабуыл және басқа қылмыстарға белсенді түрде қатысқан. Әрбір қамалған күдікті бойынша олардың осы қылмыстарға қатысы бар екенін дәлелдейтін жеткілікті мәлімет бар. Бұған дейін біз Алматы қаласы әуежайына шабуыл жасалғанын хабарлаған болатынбыз, мұнда кейбір қылмыскерлердің рөлін түсіндіргім келеді», - деді Е. Қилымжанов.
Осы орайда ол 5 қаңтарда Н. есімді азамат бір топ адаммен бірге Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жарығын өшіргенін айтты.
«Осы ретте Н. өзінің әрекеттерімен стратегиялық объектінің қызметін тоқтатты, салдарынан жолаушылар мінген ұшақтар ұшып кете алмады және тоқтан ажыратылған ұшу-қону жолағында 10 сағаттан артық тұруға мәжбүр болды. Осы уақытта қарулы топ Алматы әуежайының ғимаратын қиратып, тонады. Н-нің іс-әрекеттері терроризм актісі, яғни Қылмыстық кодекстің 255-бабымен сараланды. Оның қылмыстарға қатысы бары жиналған дәлелдемелермен расталды», - деді Бас прокуратура өкілі.
Бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде 2 адам Алматы облысы әкімдігін басып алу жөнінде нұсқау беріп отырғанын хабарлаған болатынбыз.