Алматыда дауға ұласқан ақылы автотұрақ жүйесі қала меншігіне қайтарылды
Алматыда дауға ұласқан ақылы автотұрақ жүйесі қала меншігіне қайтарылды
Фото: Inalmaty.kz
Монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% мөлшеріндегі үлесін және «Alan Parking» ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтарып беру туралы ұсыныс түскен. Бұл туралы Алматы қалалық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады. «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бірыңғай оператор ретінде қаланың 5 ауданында (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) орналасқан тротуар тұрақтарына қызмет көрсетіп келді. Әкімдікке осы ЖШС-нің 30% тиесілі. Ал екінші компания «AlanParking» ЖШС 3 аудандағы (Алатау, Бостандық, Жетісу) автотұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор болып келген. ЖШС толығымен жеке меншікте болды.
"Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда көрсетілген компаниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдады. Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс биылғы жылдың 25 сәуірінен бастап қала бюджетіне бағытталатын болады. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қаланың тұрақ аймағын ұйымдастыру жөнінде бірыңғай оператор құру бойынша жұмысты бастады. Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін, сондай-ақ монополияға қарсы органдармен келісу қажеттілігін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылатын болады", – деп хабарлады Алматы мәслихаты.
Сонымен қатар мегаполис тұрғындарының шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданады. Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін ақылы тұрақтардан түсетін түсімдерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді. Жоғарыда аталған компаниялардың өздері берген ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардың қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құраған. Еске сала кетейік қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оларға қатысты бюджет қаражатын ұрлады деген күдікпен тергеу амалдары жүргізілуде.