Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылынан мал іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалған жігіттің мүрдесі бүгін, 25 сәуірде Ойыл өзенінен табылды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Жоғалған жігіттің жасы – 21-де. Ол 21 сәуірде сағат 09:00-де Тасшағыл ауылынан белгісіз бағытқа мал іздеуге шығып кеткен. Содан бері одан еш дерек болмады. Далалық жазықтан табылмаған соң оны Ойыл өзенінен іздеуге шешім қабылданды.
«23 сәуірде сағат 19:00 шамасында өзеннен жоғалған жігіт мініп кеткен аттың өлексесі табылды. Ал бүгін, 25 сәуірде сағат 09:45-те із-түзсіз кеткен жігіттің мүрдесі өзеннің жағаға жақын тұсынан табылып, судан шығарылды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.Жоғалған жігітті іздеуге департаменттің 6 қызметкері мен 2 техникасы, оның ішінде 1 жүзу құралы тартылды.