Қарағанды облысында қарттар үйі тұрғындарының зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, әлеуметтік нысанда 90 адам қамқорлыққа алынған, оның 30-ы - мүгедек, 60-ы - зейнеткер. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша Қарағанды облысындағы қарттар үйінің меңгерушісі және әлеуметтік қызметкері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қарағанды облыстық соты қарттар үйінің басшысына қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Тергеу жалғасуда, тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді»,-делінген хабарламада.