Жылына әскерге шақыру екі-ақ рет келеді: бірі – көктемде, бірі – күзде. Қазір сол науқан басталып та кетті. Бірақ неге екенін қайдам, азаматтарға әскерге әкетеміз десе, ақтық сапарға апарамыз дегендей қашады. Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатовтан әскери бөлімшелерде болған соңғы жағдайларға қатысты пікірін сұрадық.
– Соңғы бір айда әскерде 2 бірдей жас сарбаз қайтыс болды. Бұл елімізде тіркелген алғашқы қаралы хабар емес. Кешегі маңғыстаулық баланың өліміне не себеп? «Кінәлі» адамдар қашан жауап береді?
– Ең алдымен сарбаздардың ата-анасына, жақындарына көңіл айтамын. Бұл – бәріміздің қабырғамызды қайыстырған, орны толмас қайғы. Бейбіт заманда Отан алдындағы борышын өтеуге жіберген ұлын о дүниелік болады екен деп ешкім ойламайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қалашықта қайтыс болған маңғыстаулық сарбаздың жағдайына алаңдаушылық танытып, осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды. Дәл қазір сарбаздың өліміне не себеп болғанын да, кінәлілердің қашан жауапқа тартылатынын да ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ әділ шешім шығуы үшін біз жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бұл істе арнайы тексеру комиссиясы құрылады. Менің ойымша, сол комиссияның құрамында қоғамдық ұйымдардан бір өкіл болғаны дұрыс. Көп жағдайда мұндай істер құпия жағдайда тексеріледі. Бірақ журналистер мен қоғамдық ұйымдарға процеске қатысу үшін рұқсат берілгені жөн.
– Аталған жағдайдың барлығына әскердегі әлімжеттік себеп болып отырғаны анық. Денесі қырғыз жерінен табылған сарбаздың туыстары оның жиі үйден ақша сұрағанын айтады. «Дедовщинаның» дәурені біте ме?
– Әлімжеттік – әлемнің барлық армиясында атам заманнан келе жатқан құбылыс. Екі адамды бір бөлмеге жатқызып қойсаң, 2-3 күнде бір нәрсеге келіспей дауласуы мүмкін. Ал әскери бөлімшелерде бір казармада кейде 50, кейде 100-дей соқталдай-соқталдай азамат жатады. Ойлары келіспей қалғанда, олар сөзге де келіп қалады. Кейде мұның соңы осындай қайғылы жағдайға алып келеді. Қазір әскердің уақыты бұрынғыдай 2-3 жыл емес, 1 жыл ғана. Осы аз уақытта бір-бірімен басы сыймайтын жігіттер де бар. Бұрын үлкендер жаңадан келген жастарға әлімжеттік көрсетті десек, қазір бұл азайған. Керісінше, аймаққа бөлініп, басы бір қазанға сыймайтындар шықты. Сондықтан жігіттерді әскери бөлімшеге бөлгенде әр өңірдің теңдігін сақтап бөлу керек. Тәрбие жөніндегі басшылар казармада түнде кезекші болып, бос уақыттарында сарбаздармен бірге уақыт өткізіп, әңгімелесуі тиіс. Сосын жігіттерді әскерге аларда медициналық сараптамадан дұрыстап өткізу қажет. Кейде психикасы тұрақталмаған, суицидке бейімі бар азаматтар әскерге өтіп кетеді.