Утильалымды «сауынды сиырдай» алты жыл армансыз сауып, «темір тұлпар» иелерінен негізсіз ақша жинаған, сөйтіп заңсыз пайда тауып келген «ӨКМ Операторы» ЖШС қасіретті қаңтардан кейін бір күнде күйреді. Енді оның «жауырды жаба тоқу» тәсілімен жасырып келген былықтары бірінен соң бірі ашылып жатыр. Экология министрлігі мен ӨКМ Операторы 180 млрд теңгені ұрламақ болғаны туралы ресми хабар тарады. Бірақ бұл тек шет-жағасы. 2016 жылдан бері ұрлағаны талай шенеунік пен сыбайластың қалтасын қампайтқаны сөзсіз. Әлеуметтік желіде кейбір азамат «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның ресми сайты (Recycle.kz) әлі күнге жұмыс істеп тұрғанына назар аудартып, аң-таң болды. Шынында, жанжалға басы шатылған компания жұмысын жалғастырып жатқан жоқ, жабылған. Тек кәдеге жарату алымының жаңа операторы – квазимемлекеттік «Жасыл даму» АҚ экс-оператордың жүйесімен бірге оның интернет-ресурсын да өз меншігіне алыпты. Ал бұрынғы ӨКМ Операторының басшыларына қатысты қылмыстық қудалау ісі ары қарай өрбіді. Еске сала кетсек, 2022 жылғы 26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен аталған алпауыт компанияның басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтың ұсталғанын растаған болатын. Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілініпті. Екеуі де Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ізінше, 11 наурызда «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры соттың санкциясымен қамауға алынды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Антикордың дерегінше, компанияның бұрынғы бас директоры 2016–2021 жылдар аралығында көлікті кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеу арқылы кәсіпорынның 20 миллиард теңгеден астам қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу жалғасты. 1 сәуірде антикоррупциялық орган «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басқарушы директорын тұтқындады. Оған тергеушілер 13 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тақты. «Ол өзіне сеніп тапсырылған 13 млрд теңгеден астам сомадағы ақшаны ұрлады деген күдік бар. Бұл үшін ол істен шыққан көлік құралдарын утилизациялаудың құнын қымбат белгілеген және одан алынған қаражатты заңсыз түрде RecyclingCompany компаниясына аударып жіберген. Осы арқылы ол «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның құқықтық мирасқоры саналатын «Жасыл даму» АҚ-ына, тиісінше мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірді. Қылмыстық әрекеттер 2016–2019 жылдар аралығында «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның басқа қызметкерлерімен бірлесіп жасалды», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған болатын. Ведомство оның іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық бағалауды сот беретінін қосты. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмеді.
Жымысқы схема, жұмбақ өлім
Утильалым жинаушы экс-оператордың басшыларына және олардың ықтимал сыбайластарына қатысты ақпараттың анық-қанығын Антикор таяуда жария етті. Бас прокуратураның үйлестіруімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның орасан зор көлемдегі ақшаны ұрлауының алдын алды. Схема біршама күрделі: мемлекет, бизнес пен азаматтар утильалым жинап беру арқылы еліміздің әр өңірінде қоқыстарды өртеп, одан электр қуатын өндіретін 6 зауытты салуды қаржыландырады. Содан кейін ол зауыттардың тоғын мемлекет өте жоғары бағамен сатып алады. Қымбат электр бұқара мен экономиканы қаусатып кетпеуі үшін мемлекет бюджеттен субсидия бөлуге мәжбүр болады. Өйтпесе елдегі әлгі зауыттар «жабыламыз» деп қорқытады, дау-жанжал көтереді. Экология министрлігіндегі лауазымды шенеуніктердің, яғни билік өкілдерінің қолдауымен жүзеге асырылатын, ұзақ жылға бағдарланған, көп амалды, шырғалаңды схеманы құзырлы органдар бастапқы сатысында тоқтатып отыр. Бұған да қаңтар оқиғалары біршама септескенге ұқсайды. «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары мен «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағушы зауытты салу үшін жеке компанияны заңсыз қаржыландырған. Осы жолмен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 миллиард теңгені ұрлауды жоспарлаған. Бұл ретте зауыттардың электр энергиясын мемлекеттің 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тарифпен сатып алатынына және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелетініне кепілдік берілуі тиіс болған. Уақытылы қабылданған шаралар арқасында заңсыз әрекеттер әшкереленіп, қаржылар бұғатталды», – деп хабарлады Антикор. Ведомствоның түсіндіруінше, Экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев және басқа да бұрынғы басшылары осы схеманы жүзеге асыруға қатысты деген күдікпен қамауда отыр. Олардың қаншалықты кінәлі екені туралы қорытынды шешімді әрине, сот анықтайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.Оператор неге халықты зарлатты?
Бұрынғы «ӨКМ Операторының» орнын басқан жаңа оператор «Жасыл Даму» да безгек тигендей қалшылдауда: бұл сала сонша құтты болмағанға ұқсайды. Жаңа оператордың басшылығы қысқа уақыт ішінде қайта-қайта ауысып жатыр. Мысалы, «қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін Мемлекет басшысы халықтың наразылығына себеп болған бір фактор ретінде «ӨКМ Операторы» жеке компаниясының утильалым жинауын тоқтатты. Бұл міндет бұған дейін елге белгісіз болып келген, бұйығы ғана өмір кешкен «Жасыл Даму» АҚ-ына жүктелді. Қалай болғанда да, алты жылдық үстемдігі үзілген «ӨКМ Операторының» барлық дүние-мүлкі, ғимараттары және банктердегі миллиардтары тегіс «Жасыл Дамуға» көшкенде, бұл акционерлік қоғамның бас директоры Әлімбаев Азамат Баймырзаұлы болатын. Дегенмен сарапшылар оның орнынан кететінін бірден айта бастады. Себебі ол экология министрлігінің бұрынғы командасының өкілі саналатын. Айталық, ол басқарған тұста «Жасыл Даму» Директорлар кеңесінің төрағасы Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов болды (кейін қамауға алынған). Содан 2022 жылғы 1 ақпанда Экология министрі Серікқали Брекешевтің бұйрығымен «Жасыл Дамудың» басқарма төрағасы лауазымына 41 жастағы әйел Жанат Самат тағайындалғаны жарияланды. Ол салық саласының маманы, аудитор, экономика ғылымдарының кандидаты, демек утильалым жинайтын және миллиардтарды бөліске салатын компанияны басқаруы заңды көрінген. Экология министрлігі құрылымында 2019 жылдан бері ғана жұмыс істейді. Осылайша, компанияның командасы жаңара бастады. Алайда 2022 жылғы 14 сәуірде «Жасыл Даму» АҚ-ның жаңа басқарма төрағасы болып, Ержан Сәрсенбай келгені анықталды. Жанат Саматтың осынау «майшелпек» орыннан тосыннан кетіп қалуының себебі айтылмады, ресми түсініктеме – «басқа жұмысқа ауысуына байланысты». Утильалымнан түсетін жүздеген миллиард қаражатқа иелік ететін оператордың жаңа басшысы осының алдында, 2021 жылғы ақпаннан 2022 жылғы ақпанға дейін сарапшылардың сынына ұшырап жүрген тағы бір оператор – «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы болған. Кәдеге жарату алымын жинаушы жаңа оператор әлі күнге осы жүйені толыққанды іске қоса алмай келеді. Ұйым тіпті Парламент депутаттарының сынына ұшырады. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері саладағы былық кесірінен шаруалардың қолындағы утилизациялық алым сертификаттары жарамсыз болып қалғанын мәселе етіп көтеріп, Үкіметке сауалмен жүгінді. «Түркістан облысын алсақ, көптеген ауыл шаруашылығы өндірушісі барлық техникасын өткізіп, сертификат алып, жыл басын жаңа техникамен бастаймыз деп отырған. Алайда «ӨКМ Оператор» мен «Жасыл Даму» арасындағы шешілмеген мәселелер салдарынан енді техника да жоқ, жер де жыртылмай, егін де егілмей, жыларман халде. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген дана халқымыз. Көктемнің бір сәті алтынға тең. Жаңа техника алып, көктемде егіс егемін, өнімнен пайда табамын деген шаруалардың жанайқайы шықты», – дейді депутаттар. Олардың мәліметінше, жалғыз ауыл кәсіпкерлері ғана емес, «темір тұлпар» иелері де зардап шегуде: 4 мыңнан астам жеңіл көлік утилизацияға өткізілген. Алайда халықтың көлігі де жоқ, ақшасы да жоқ: «ӨКМ Операторынан» алған сертификаттарын автосалондар қабылдамайды. Сөйтіп, сертификат мерзімі өтіп, «күйіп» кетіп жатыр. Ескі техникасын өткізіп, орнына жаңа ауыл шаруашылығы техникасын, жаңа жеңіл көлікті аламын деп сенген халық сазға отырды. «Осындай операторлардың дәрменсіздігінен халық енді билікке сенбейді. Өйткені қызмет көрсетудің орнына зиян келтіріп, табысынан айырып, халықты зарлатты. Ал бұл – ел Президентінің Үкіметтің алдына қойған ерекше тапсырмаларының бірі. Президент өз Жолдауында «Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде 3 күн ішінде, тіпті қажет болса 1 тәулікте қабылдануы тиіс» деген болатын. Бірақ мына проблема 3 айдан асса да шешілмей келеді!» – деді «AMANAT» фракциясының мүшелері. «ӨКМ Операторының» мұрагері «Жасыл Даму» елдің қашанғы көз жасына қала бермек?