«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қазақстанның қорғаныс саласын реформалауды тапсырды. Алайда қандай өзгерістер болып жатқаны күні бүгінге дейін жалпақ жұртқа жария емес. Жалпы, түзетер тұстарды анықтай алдық па, әлде әлі жабулы қазан жабулы күйде қала ма? Біз бұл сауалымызды генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан ЕРТАЕВҚА қойдық.
ҚҰР «АЛҒА» ДЕГЕННЕН ҚАНШАМА АДАМ ҚЫРЫЛДЫ
– Қазақстан армиясы қалай құрылып еді? Армияны жасаудың қиындықтарынан бастасақ. Сол бір күндер әлі есіңізде ме? – 1992 жыл 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштері құрылды. Елбасы Қорғаныс министрі етіп басқаруға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовті тағайындаған. Негізі, армия жасақтаудың алғышарттары 1991 жылы жасалды. Сол жылы күзде мемлекеттік Қорғаныс комитеті құрылды. Нұрмағамбетов комитетті басқарды. Бәріміз бөркімізді аспанға аттық. Ол кезде Германияның Потсдам қаласында полк командирімін. Қабырға құлағанда елге қайтуға асықтым. Қарулы Күштерді құру туралы Жарлыққа қол қойылғаннан кейін еліміз үлкен мәселелермен бетпе-бет келді. Саяси-әскери басшылық құрамын қалыптастыру, ұлттық кадр дайындау, олардың кәсіби деңгейін шыңдау мәселелері күн тәртібінде тұрды. Әскери кадр мәселесі бірінші кезекте қаралды, себебі генерал, полковниктердің дені өзге ұлт өкілдері еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін көбі өз еліне кетіп, әскери бөлімдер иесіз қалды. Әскери оқу орындарын құрып, өз мамандарымызды дайындауға тура келді. Қару-жарақ, оқ-дәрі қоймаларын да сақтап қалу маңызды еді. Ауғанстан, Германиядан келген қару-жарақтың бәрі Отарда болды. Оларды да сақтап қалу керек. Біз бұл мәселені қалай шештік? Министрліктің кадр қызметін басқарған генерал Сәбит Тауланов осы мәселені көтерді. Ол кезде дивизия командирімін, бәрін ашық айтуға тура келді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы ер бала антты бір-ақ беретінін заңмен бекітті. Осының нәтижесінде мамандар көшін тыя алдық. Біз қандай қиындық болса да тайсалмадық. Күні-түні жұмыс. Сол кездегі командирлерге ризамын. Еңбек демалысы дегенді білмейтін. «Жалақы қайда?» деп сұрамайтын. Тіпті, Сарыөзекке барғанда не жарық жоқ, не су жоқ еді. Елмен бірге бар қиындықты өткердік. Кейбіреулер «ол кезде жаттығу болған жоқ» дейді. Жоқ, керісінше жаттығуды жиі өткізетінбіз. Тіпті, сол кездегі жағдайға қарамай, Отарда үлкен оқу-жаттығуын өткіздік. Біз қару-жарақты Ресейден және шетелдерден сатып алдық. Бірақ өзгеден кем болмау үшін техниканы жаңартып, жас кадрларды даярлау керек еді. Сондықтан қазақ жігіттерін Ресейдегі Фрунзе әскери академиясына және әскери училищелерге оқуға жібердік. Сол сияқты бізге де Қырғыз Республикасынан, Тәжікстаннан сарбаздар келіп оқыды. Осылайша, ақырындап, өз еліміздің жігіттерін сапқа қоя бастадық. Бір мысал келтірейін, ол кезде Мұхтар Алтынбаев министр, мен Бас штаб бастығымын, ұшқыштарды оқыту үшін керосинді өлшеп берген кезіміз де болды. Тіпті, литріне дейін санап отырдық, себебі қымбат. Міне, біздің Қарулы Күштер тарихында осындай кезеңдер де болған.КӨЗБОЯУШЫЛЫҚТАН МЕЗІ БОЛДЫМ
– Арада 30 жыл өте шығыпты. Осы жылдар ішінде Қазақстан армиясы еңсесін тіктей алды ма? Әлеуеті қалай? – «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Бірақ Отанымды ойлағаннан шындықты ашық айтамын. Даниял Ахметов Қарулы Күштерді басқарған тұста генерал-инспектор болдым. Содан кейін Қорғаныс министрі болып Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Министр әскери дайындықтың қандай екенін өз көзімен көрді. Сол кезде дайындықтың өте нашар екенін министрге баяндап тұрып, өзім ұялған кездерім болды. Әрине, армияны ешқашан кез келген сын-қатерге даяр тұрады деп айтуға болмайды. Бәріне даярмыз деу – жылтыр сөз. Әскер әртіс болмауы керек. Халық Қарулы Күштерге сенеді. Ал қиын кезеңде қолынан түк келмей жатса, міне сол жаман. Қазір Украина мен Ресейді көріп отырмыз. Осы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Өз басым көп дүниені көкейге түйіп жүрмін. Айталық, бізде неге Отардан басқа әскери жаттығу жасайтын жөні дұрыс жер жоқ? Жаттығуларымыз неге бірсарынды? Соған үйреніп алған жоқпыз ба? Қалай бір ғана сценариймен жаттыға береміз? Басқа өзгеріс жоқ па? Сауал көп. Әзірге жауап таппадым. Жалпы, заманға бейімделу керек. Әскерде «болдым, толдым, дайындығым жақсы» деген ұстаным болмайды. Ұдайы дайындалған жөн. Сонымен бірге әскери адамның психологиясы да өзгеретінін ұмытпаған жөн. Ал біз психологиялық тұрғыда дайындап жатырмыз ба? Жоқ. «Алға, сен жақсысың!» деп бәріміз айтамыз. Бірақ офицер мен жауынгер қан көрсе, құлап түсетін шығар. Меніңше, біз ескі сүрлеумен келе жатырмыз. Міне, соны тоқтату керек. Себебі қазіргі соғыстың табиғаты өзгеше. Заңы да бөлек. Саясаткерлер мәселені келіссөзбен шешуге ұмтылатыны сөзсіз, бірақ ұрыста жаңа технология, офицер мен сарбаздың біліктілігі шешуші рөл атқарады. Ал біз көбіне тіл мен жаққа сүйеніп, сайрауға үйреніп кеттік. Әрине, 30 жылда мемлекеттің арқасында армияға жаңа қару-жарақтар келіп жатыр. Ал соларды шеберлікпен қолдана аламыз ба? Бұл да сауал. Қазір офицерлердің жастармен байланысы жоқ. Командирлердің не үйретіп жатқаны да анық емес әрі олардың сарбаз алдындағы беделі де жоғары дей алмаймын. Егер армияда командир мен сержанттың беделі төмен болса, әскери дайындық жоғары болмайды. Әдетте біз командирдің бұйрығын орындаған жөн деп санаймыз. Бірақ қалай орындау керек? Жақсы әскери айламен. Екіншіден, Қарулы Күштерде шығын аз болуы тиіс. Бұл бәлкім ең басты қағидалардың бірі шығар. Өйткені адамнан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан «Алға, алға» деп ұрандап, өре түрегелетін заман емес қазір. Екінші дүниежүзілік соғыстағыдай «уралап» шапсақ, қаншама адам қырылады.Мұны да ескеру керек. Айтпақшы, командирлердің біліктілігінің зардабын тарттық. Мәселен, Алматыдағы қанды оқиғада Қарулы Күштер қауқарсыз болды. Тек ҰҚШҰ әскері келген соң ғана жағдайды реттеп, дүрбелеңнің өршуіне жол бермедік. Меніңше, бұл олқылықтың астарында командирлердің шешім қабылдауға қабілетсіздігі жатыр. Қаңтар қасіретінде қаза болғандардың жаназасына қатыстым. Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан ҰҚК Шекара академиясының 2-курс студентінің әке-шешесімен жолығып, көңіл айттым. Сонда бәрі «Бұл қалай болғаны? Бала тірі жүретін еді ғой» деп мені сұрақтың астына алды. Бұл – өте ауыр сұрақ. Өзімді сол жерде кінәлі сезіндім. Еліміз сол қасіреттен қабағын әлі ашқан жоқ. Неге бұған жол бердік? Қазір бәрі тексеріліп жатыр. Ендігі мәселе қаңтардағыдай дүрбелеңге жол бермеудің амалы. Жалпы, армия туралы көп дүние айтуға болады. Қару-жарақ, техникадан бастап қатардағы сарбазға едйін талай мәселе бар. Тіпті, патриоттық тәрбиені де ақсатып алған тәріздіміз. Жастарды ұмыттық. Бала кезімізде Бауыржан Момышұлы сияқты батыр болуды армандадық. Ал қазіргі қаһармандарымызды ешкім білмейді. Жастармен жұмыс жүргізілмейді. Екіншіден, бұрын Кеңес Үкіметі кезінде бүкіл қару-жарақты тексеретін инспекция болатын. Ол тікелей мемлекет басшысына, қазіргі ұғыммен айтсақ Президентке ғана бағынатын. Ал қазір қалай? Министрлік құрылымдары бір-бірін, өздерін-өздері тексереді. Сонда нәтижені кімге баяндайды? Мысалы, оқ-дәрі қоймаларындағы, қару-жарақ пен техниканы сақтаудағы былықтар анықталса, оны Қарулы Күштер жүйесінде қызмет ететін тексерушілер министрге баяндайды деп ойлайсыз ба? Немесе әлгі тексерушілер Бас штаб бастығына есеп берді делік, ал Бас штаб бастығы министрге шындықты айтады дегенге сенесіз бе? Өз басым сенбеймін. Меніңше, көп қызметкер «Бәрі жақсы деп» қолын қоя салады. Мен инспектор болған кезде лауазымды кісілердің арасында маған ренжіп, тіс қайрағандар көп болды. Аттарын атамай-ақ қояйын. «Бізге неге 2 деген баға қоясыз?» деп ренжиді, «Өзің сол жерге барып көр деймін, сенбесең» дедім. Иманғали Тасмағамбетовті апардым, өзі көзімен көрсін дедім. Министрмен бірге екеуміз десанттарды тексердік. Штаб бастығын алып бардық, нәтиже – нөл. Шындық айтылмаған, сол шындық қалды солай. Осылай жүре берсек, не болады? Жасандылықтан шаршаған жоқпыз ба? Қазір министрлер жиі ауысады. Бірақ әскердегі жағдай әлі де оңай емес. Мақтанды тоқтатқан дұрыс. Мақтанса, шынайы нәтижемен мақтансын. Айла-тактиканы жаңарту керек. Көршілерде не болып жатыр? Қарау қажет. Ресей бір күнде жеңіп шығамыз деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Ойлану керек. Қазіргі заман басқа. Қатардағы командирлердің ойын тыңдау керек.Олардың жақсы ойы бар, тактикасы болады, бірақ жоғарыдағылар оларды тыңдамайды. Үлкен бастық келеді де, «жоқ, мынадай болу керек» дейді. Себебі солай үйреніп қалған, басқа айтары жоқ. Жас командирлерге сенім арту керек. Мысалы, Ауғанстанда ең жас аға лейтенант, комбат болдым. Сонда менің батальоным 200 шақырым ары орналасты. Төңірегінде түк жоқ, ар жағында Пәкістан. Заң бойынша, дұшпандар келсе, ең алдымен басшылыққа хабарлап, рұқсат сұрауым керек. Сол хабарламаң Мәскеуге жетуі тиіс. Сонда жауларымызға «күте тұрыңдар, Мәскеумен келісіп алайын» деймін бе? Осы мәселені маршал Соколовқа айттым. Ол Қорғаныс министрінің орынбасары еді. Менің батальоныма жиі келіп тұратын. Мені Борис дейтін, «саған бірден шешім қабылдауға рұқсат» деді. Содан кейін заң өзгерді. Біздегі әскери дайындық оқулықтары да әлі өзгерген жоқ. Заманға сай жаңартып отыру керек. – Президент Қарулы Күштерге реформа жасалуы керек екенін айтты. Сіздіңше реформа қандай болуы керек? – Сөзсіз реформа керек. Бірақ сөзбен емес, іспен. Сарбаздан басталуы тиіс. Себебі бәріне жауапты солар. Командирдің бұйрығын орындайтын солар. Талай реформа жүзеге асып жатыр. Бірақ нәтиже беріп жатыр ма? Ресей мен Украина қақтығысын зерттеп, керегін алуымыз керек. – Армияны мобильді қылу керек деген пікір бар. Бұған қатысты ойыңыз қандай? – Армия әрқашан мобильді болуы тиіс. Ол дұрыс. Бірақ мобильді дегенді дұрыс түсініп алған жөн. Қарулы Күштер Отанның тыныштығын күзетеді. Олардың қызметі өзгеше. Басты міндет – елдің тыныштығын сақтау. Әрине, қару-жарақтар заманға сай болуы керек.ЖҮРЕГІМДЕ МӘҢГІЛІК СЫЗАТ ҚАЛДЫ
– Әскер санын өсіруге бола ма? Резервке сенім арта аламыз ба? – Бұл сұрақ мені талайдан бері толғандырып жүр. Біз келісімшартпен жұмыс істейтін әскерге көңіл аударып, Қарулы Күштердің жеке құрамының көп бөлігін солар арқылы жасақтадық. Бұл реформа үшін орасан зор қаржы бөлдік. Иә, бізде келісімшарт әскері болуы керек. Бірақ мерзімді әскери қызметке де көңіл бөлген дұрыс. Қатты алаңдап жүргенім, келісімшарт әскерлері жауынгерлік дағдысын жетілдіріп, біраз дүниені үйренгенімен, кейін олардың соғысқысы келмей қалуы мүмкін. Өйткені келісімшартпен жұмыс ітсейтін әскерилер қызметін Отан алдындағы борыш деп емес, жалақы алатын әдеттегі жұмыс ретінде бағалай бастауы ықтимал. Не болып жатқанын естіп жүрміз. Екіншіден, мерзімді әскери қызметке шақырылатындар санын көбейтпесек, резервті толтыра алмаймыз. Сөйтіп, әскеріміз қартайып кетеді. 40 жастан кейін зейнетке шығады. Сонда біздің резервіміз 30-40 жастағылардан тұра ма? Біріншіден, қазір «көбі әскерге бармаймыз» деп жатыр. Жалпы, бәрі әскер сабында болуы тиіс. Әр азамат Отан алдында ант беруі тиіс. Ал ант берсе, оны орындау керек. Менің ойымша, әскерге бармаса да, Отан алдында ант берсе, «елім, жерім» деп тұрар еді деген ой келетіні бар маған. – Армияда әлімжеттік бар ма? – Өкінішке қарай, армияда әлімжеттік бар. Бірақ оны жою үшін түрлі тәсілге бардық. Сөйтіп, әлімжеттікті азайттық. Бұрынғыдай ашық түрде әлімжеттік жасайтындар сирек. Дегенмен қысым жасайтындар кездеседі. Негізі, әлімжеттікті азайтуға мерзімді әскери қызметті 1 жылға дейін қысқарту арқылы да азайтуды көздегенбіз. Бірақ әлімжеттік 100 пайыз тоқтаған жоқ. Себебі адами фактор болады. Тәрбие, мінез әртүрлі. Әскерде командир сарбазды баласындай, інісіндей тәрбиелесе, жақсы көрсе, онда сарбаз да әкесіндей, ағасындай сыйлайды. Ал бізде қалай? Айқай-шу, сарбазды кем көреді. Ол дұрыс емес. Сосын ашық сөйлесуі керек, ол да адам баласы ғой. Біздің кезімізде заң бойынша жақын адамы қайтыс болса, 10 күнге еліне жіберетін. Ал қазір өзгеше. Сондықтан сарбаз күйзеліске бой алдырады, әскерден қашуды ойлайды.ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ БАЗАР ЕМЕС
– 90-жылдары армия жемқорлыққа толы болды. 1996 жылдың күзінде Қазақстаннан Солтүстік Кореяға кетіп бара жатқан бір эшелон зенит зеңбіректері Ресей территориясында ұсталды. 6 МиГ-21 ұшағы Бакуде қолға түсті. Сол кездерде сіздің атыңызды пайдаланып, арам пиғылдарын іске асырғысы келгендер де болды. Ол кездегі жағдай қалай еді? – Кейбіреулер мұны ұмытып кеткен де шығар. Ал менің есімде мәңгіге қалды. Біреулер үшін МиГ-21 «миг» болып өтіп кеткен шығар. Ал менің жүрегімде сызат қалды. Жалғыз өзімде емес, жұбайымда, отбасымда жан жарасы қалды. Сол кезде соттың алдында КТК телеарнасының журналисі маған «Сіз неге азаматтық киімдесіз?» деп сұрады. «Әскери адамның қару-жарақ сатуға қандай құқығы бар?» деді. «Қазақстан генералының абыройын сақтап қалу үшін азаматтық киіммен келдім. Мына жерден формамен шығамын» дедім. Әскери адамның бір ғана мақсаты бар – антын орындау. Елдің міндеті – тамағын, киімін бүтін қылу. Өкінішке қарай, Жоламанов кетті, қайта шықты деп жатыр. Бұрыннан айтып келемін, стратегия штаб генералының қолында болуы керек. Ол бізге «осындай ұшақ керек» дейді. Соны министрге айтады. Министр экономистерін жинап, ақылдасып Үкіметке айтады. Олар дайындайды. Басқасына әскери адамның қатысы болмауы керек. Ал қазір тендер дейді. Мемлекеттік тапсырыс дейді. Әскери адамның онымен не жұмысы бар? Қазір тендер, мемлекеттік тапсырыс десе, бәрі құлақ түре қалады. «Не алып жатыр, не сатып жатыр?» деп шығады. Әскери адам болғандықтан, әлі күнге дейін базарға баруға ұяламын. Бірақ ондай болмасын десек, пәтері болуы керек, жалақысы жоғары болуы керек. Мәселен, әскери адамдардың көбінің жұбайлары театрға бармайды. Себебі полигондарда жүр. Балалары жұрт қатарлы тәттісін алып жей алмайды. Себебі гарнизондарда ондай жоқ. Сондықтан оларға қосымша ақы төленуі тиіс. Балаларының оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына көмек қарастырылуы керек. Жұбайларына жұмыс істемей, полигонда жүргені үшін жалақы төленуі керек. Бәрін рет-ретімен шешу қажет. Ашығын айтып отырмыз ғой, әскерилердің беделі түсіп кетті. Қаншама генерал байлыққа қызығып, Отан алдындағы антын ұмытып кетті. Мұндай жағдайға жеткізбейтін шығар деп ойлап едім. Неге біз қателіктен сабақ алмаймыз? Сарбазды жамандағанымыз – өзімізді жамандағанымыз. Армия біздікі, бірақ шындықты айту – біздің міндетіміз. 90-жылдардағы олқылықтар әлі келе жатыр. Оны тоқтату керек. Жалпы, кедейлік қылмысқа итермелейді. Жұбайлары «лейтенант кезінде тұрмысқа шықтым, балаңа қалағанын алып бере алмайсың. Жоғары білімің бар, полигонда жүрсің, менің киетін киімім де жоқ» дейді. Не істейді? Амал жоқ, сыбайластыққа барады. Кейін ол жолға қойылған жемқорлыққа апарып соғады. Әрине, әскерилер өз беделін өздері көтеруі тиіс. Бірақ біз шетте тұрмауымыз керек. Екіншіден, бізде ата-анамен байланыс жоқ. Бір сарбаз әскерде жақсы қызмет етсе, неге ата-анасын бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетпейді? Әкім арқылы құттықтап, 10 күнге демалысқа жіберсін. Ал қазір әкімдер бір жақта, әскери комиссариат бір жақта, ал сарбаздар өз-өзімен жүр. Әкімдер қанша сарбаз барғанын, не істеп жатқанын білуі тиіс.ӘСКЕРИ АДАМНЫҢ МІНДЕТІ – ОТАН ҚОРҒАУ
– Жаңа сөз арасында генерал Нұрлан Жоламанов туралы айттыңыз. Ол босап шығыпты. Істі болған генералдардың ішінде ең даулы тұлға еді. Оған көзқарасыңыз қалай? Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері армияның, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның 30-ға жуық генералы сотталған деген дерек бар. – Бірақ бұрыннан айтып келемін, әскери адам еш уақытта алып-сатумен айналыспауы тиіс. Себебі оның міндеті – Отан қорғау. Бұйрықты орындап, елдің тыныштығын сақтау. Қорғаныс министрлігі жауапкершілігі шектеулі серіктестік емес. Екіншіден, әскери адамның тіпті түйіршік сатуға құқығы жоқ. Әскери адам сатумен емес, елін қорғаумен айналысуы керек. Ал егер кімде-кім оған жол берсе, қатаң жазалануы тиіс. Отанын сатқандар тиісті жазасын алу керек деп есептеймін. Тағы айтамын, Қорғаныс министрлігі базар емес. Жоламановты босап шыққанымен құттықтаймын. – Алматыдағы дүрбелең, Арыс пен Жамбылдағы жарылыс отандық қару-жарақ ісінде былықтың көп екенін көрсетпей ме? – Қару-жарағымыз қолды болады деген менің ойымда да болған емес. Қалайша Ішкі істер министрлігіндегі қару-жарақты ұрлайды? Бұған қалай жол бердік? Артық кетсем, кешірім сұраймын, мүмкін қандай да бір келісім болған шығар. Бәлкім, қорқытқан шығар. Шындықты ашып, опасыздардың жазасын беруіміз керек. Арыстағы жарылыстың астары туралы айтайын. Бас штаб бастығы болып тұрғанда, 1997 жылы Арысқа бардым. Бұл «қалай жарылмай тұр?» деп қатты таңғалдым. Қойма быт-шыт. Соның ішінде химиялық дәрілер бейберекет жатыр. Бірден Мұхтар Алтынбаевқа хабарласып: «Кемінде осы жерге 200 адам жіберіңіз, химиялық заттар қоймасын бөлеміз» дедім. Тіпті, қару-жарақтарды толығымен Арыстан көшіру керек еді. Сарбаздар келді, химик М.Даировты шақырып алдым. Егер химиялық заттар қоймасын бөлмегенде қазір жағдай мүлде басқа болар еді. Арыстағылар әлі күнге дейін тұмшаланып жүрер ме еді, кім білсін?! «Бәрін Ембіге көшірейік» дедім, «қымбатқа түседі» деп жолатпады. Содан кейін Қарағанды облысындағы химиялық қойма Тоқырауға бардым. Мұхтар Алтынбаевқа «қойманың бастығын ату керек» дедім. Қызметінен босаттық. Мен барғанда қоймада миналар шашылып жатты. Марқұм полковник В.Ткаченко өте білімді кісі еді, зейнетте жүрген, Тоқырауға шақырып алдым. Ол келіп, жағдаймен танысып, шошып кетті.Кейін ол да жарылды ғой. Зейнетке шыққан кезім, бір күні Мұхтар Алтынбаев хабарласып: «Тоқырау жарылғанда тексердік, сіздің бұйрығыңыз дұрыс болыпты. Бірақ, өкінішке қарай оның жартысы орындалмаған екен» деді. Әлі күнге дейін айтып келемін. Жаңа министрге де «менің қаулыларымды көтеріңдер. Ұнамаса, қоқысқа тастаңдар» дедім. Соған 5-6 сағат қана кетеді. Әскери адам ретінде айтамын, мұндайға жол беруге болмайды. Қойманың аты қойма, оқ дәрілер өзгеше, құрамы басқаша. Оны сақтау да басқаша болуы керек. Құдай сақтасын, қазір қаншама қойма бар. Шындыққа тура қарауымыз керек, әйтпесе жағдайымыз қиын болады. – Әңгімеңізге рақмет!