Шымкентте басшылар «үйсіз» жүрген бе?
Шымкентте басшылар «үйсіз» жүрген бе?
Шымкентте бірнеше күннен бері баспана мәселесі жырға ай­налды. Шымкент қаласының Shymkent-baspana.kz сай­­тында Нұрлы жер мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» ба­ғыты бойын­ша несиелік тұрғын үйлерге 11-15 сәуір аралығында тәу­лік бойы өтінімдер электронды түрде қабылданатыны туралы ха­­­бар­лан­ған. Өтінім беру 11 сәуір күні 09.00-де басталып, 15 сәуір күні 19.00-де аяқталған.

Алғашқы күндері неге толық мәлімет көрінбеді?

Алайда сайт арқылы өтінім таста­ған­дар ал­ғашқы күннен бастап-ақ наразы­лық­­та­рын жеткізді. Тұрғындар өтінімнің уа­­қы­ты, яғни сағаты мен минуты, се­кунд­ты шық­пай тұрғанын, реттік қа­тары­ның нө­мірі де көрінбей жатқанын, мұ­ның күдік ту­ғызып отырғанын айтып, әлеу­меттік желілерде шулады. Тіпті, әділ­дік іздеп шырылдағандар әкімдіктің ал­дына да жиналды. Кейіннен сайтта өті­нім берушілердің қай уақытта тап­сырғаны жөнінде мәлімет толық шықты. Өтінім беру аяқталған соң Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының бас­шысы Ғалымжан Утенбаев БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында аталған несиелік тұр­ғын үйлерге бекітілген уақыт аралы­ғын­да 11 919 өтінім келіп түскенін атап өтті. «Оның ішінде: 1 бөлмеліге – 3 324 өтінім, 2 бөл­мелі пәтерлерге – 4 592 өтінім, 3 бөл­мелі пәтерлерге 4 003 өтініш берілген. Бү­гін­­де аталған өтінімдерді қарау жұмыстары жүр­гізілуде»,–деді басқарма басшысы. Ендеше жеңілдетілген бағамен бері­ле­тін баспана аясындағы дау неден шықты? «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, жеңілдетілген баспанаға ал­ғашқылардың бірі болып өтініш бергендердің қатарында Шымкенттегі бір­қа­тар аудан әкімі мен басқарма басшылары жә­не өзге де лауазымды қызметкерлер бар болып шықты. Басқа-басқа, білдей бас­қар­ма басшылары мен әкімдердің баспанасы жоқ дегенге сенбеген жұрт қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Бәрінен бұрын олар­дың бұл әрекеті арзан бағадағы үйге қараша жұрт­пен таласып, мұқтаж жандардың «асы­на» ортақтасқандай әсер қалдырды. Одан бөлек, бір секундта бірнеше лауа­зым­ды тұлғаның өтінім беріп үлгергені де күдік туғызды. Аталған лауа­зымды тұлғалардың құжаттандыру жұ­мыстары небәрі 11 секундта жүзеге ас­қан. Алғашқыда нешінші болып құжат тап­сырғаны белгісіз болған қауым үшін де мұ­ның өзі күмәнді болды. Мәселен, Шымкент қаласы Абай ауда­ны­ның әкімі Бұқарбай Парманов сағат 9-дан 18 секунд өткенде, Әл-Фараби ауда­ны­ның әкімі Рашид Мыңбаев та сағат 9-дан 18 секунд өткенде құжат тапсырған. Ал қалалық цифрландыру басқармасының бас­шысы Әсет Әбдірахмановтың өтініші сағат 9-дан 12 секунд өткенде қабылданған. Со­нымен қатар нарықтағыдан әлде­қай­да төмен бағадағы үйге таласқандардың қатарында осынау жайттың басы-қасында жүрген Тұрғын үй басқармасының бас­шы­сы Ғалымжан Утенбаевтың жары мен аудан әкі­мі Б.Пармановтың ұлы да бар. Сондай-ақ тізімнен Мемлекеттік са­тып алу басқармасының басшысын, Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес депар­та­ментінің басқарма басшысын, Шымкент қа­ласы бойынша МКД өндірістік емес тө­лемдер бөлім басшысын, әкім аппараты бас­шысының екі орынбасарын, Құрылыс бас­қармасының бөлім басшысы мен бір­қатар лауазымды тұлғаның жақындарын көру­ге болады.

Шымкентте үй кезегінде 48 мың азамат тұр

Иә, кейбір әкімдік маңайындағы аза­мат­тар айтып жатқандай, мемлекеттік қыз­меткерлердің де үй алуға құқы бар. Олар да жылдар бойы осы қызметте тер тө­гіп келеді. Оған таласымыз жоқ. Де­ген­мен біразының жас маман емес, бүгінде зей­нет жасқа жақындағанын, тіпті бірнеше ауданда лауазымды қызмет атқарғанын ескерсек, осы уақытқа дейін баспанасыз болды дегеніне ешкім сене қоймасы анық. Бүгінде нарықта, яғни Шымкентте шар­шы метрі 320-450 мың теңге шамасында бол­ып тұрған баспанаға екінің бірінің қолы жете бермейді. Ал «7-20-25» мемлекеттік бағ­дарламасы аясындағы жеңілдетілген, яғни шаршы метрі 180 мың теңгеден болып тұрған, бар-жоғы 900 пәтерден кез кел­геннің үміті бар. Мемлекет баспанасыз жүр­ген жандар үшін субсидия бөліп, мұқ­таж­дардың үйлі болуына осылайша көмек беріп жатыр. Өкінішке қарай, кейбір ше­неу­ніктер атында үйі жоқ деген желеумен бұл бағдарламадан да үмітті. Ел арасындағы осындай дау-дамайдан соң Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков журналистер сұрағына жауап берді. Ол порталдың ашықтығын, өті­нім берген азаматтардың тізімі жария­лан­ғанын жеткізді. Арнайы комиссия бар­лық өтінімді зерделеп, құжат тексері­ле­тінін де айтты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы «7-20-25» бағытының талап-шарттарына сәйкес конкурсқа ипотекалық не­сиесі жоқ, табысы бар, атында тұрғын үй тір­келмеген Қазақстанның кез келген аза­маты өтінім жолдауға құқылы», – деп атап өтті Ерғали Дәулетбекұлы. Сондай-ақ ол тізімде тіркелген бір­қа­тар лауазымды азаматтың өз өтінішімен кон­курсқа әрі қарай қатысудан бас тарт­қанын, Тұрғын үй басқармасының бас­шы­сы Ғалымжан Утенбаевтың уақытша қыз­метінен шеттетілгенін жеткізді. Яғни, «7-20-25» бағдарламасы аясында халықты ма­залаған күмәнді сұрақтарға толық жауап берілгенше және кезек бекітілгенше бас­қар­ма басшысы қызметтен шеттетіле тұра­ды. Ерғали Білісбеков қазір Шымкент қа­­ласы бойынша 20 мыңға жуық мем­ле­кет­тік және бюджеттік қызметкер үй ке­зегіне тіркеуде екенін де айтты.

P.S.

Бет қатталып жатқанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бұл мәселені қатаң бақылауға алғаны туралы ақпарат жетті. «Аталған фактіні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қатаң бақылауға алды. Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес құзырлы органдар кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырады. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады», – делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

 Шымкент қаласы