Эстония астанасы Таллинде өткен мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Михаил Шайдаров жоғары нәтижеге қол жеткізіп, байрақты бәсекенің күміс жүлдесін жеңіп алды. Эстониядағы доданың жекелей бағдарламасында өнер көрсеткен 17 жастағы отандасымызбен әңгімелестік. – Таллиндегі тарихи жетістігіңмен құттықтаймыз! Бұған дейінгі жастар арасындағы әлем біріншілігінде талай өрендеріміз бақ сынаса да, оларға жүлдегерлер қатарынан көріну бақыты бұйырмаған еді. Ал сен бірінші болып жаһандық додада жүлдегер атанып отырсың. Көңіл күйің қалай? Жарыс алдында үздіктер қатарынан көрінетініңе сендің бе? – Таллиндегі әлем біріншілігінде күміс жүлде алғаныма қуаныштымын. Әрі бұл өзіңіз айтқандай, мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлде. Сондықтан мен үшін бұл медальдің орны бөлек. Мұз айдынына шыққанда бар ойым тек сәтті өнер көрсету болды және де сол мақсатыма жеттім. Қызығы, әуелде менің бұл чемпионатқа бару-бармауымның өзі белгісіз болды. Визаны дүйсенбіде ғана алдым. Ал жарыс бейсенбіде басталды. Сондықтан турнир алдында жүлдеден үміттенген жоқпын және жарыс кезінде де орын алу туралы ойламауға тырыстым. – Бір сұхбатыңда осы әлем чемпионатына дайындық барысында біраз қиындыққа тап болғаныңды айтыпсың. Көпшілікпен бірге мұз айдынында коньки тебуге тура келіпті, жеке жаттыға алмапсың. Осы жағдай туралы қысқаша айтып берші. – Дайындық Сочиде өтті. Жарысқа екі апта қалғанда жергілікті мектеп басшылығы маған мұз айдынында А.Урманов бастаған топпен, яғни өзімнің тобыммен коньки тебуге рұқсат бермей қойды. Сол себепті маған қоғамдық коньки тебу орнында көпшілікпен бірге жаттығуға тура келді. Өкінішке қарай, жастар арасындағы әлем чемпионаты кезінде мемлекет маған ешқандай қолдау көрсетпеді және жаттығуыма да ақша бөлген жоқ. Жаттықтырушым екеуміз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына өз қаражатымызбен келдік. Соған қарамастан бапкерлер құрамымен көп қиындықты бірге еңсеріп, маусымды жоғары нәтижемен аяқтадық. – Көпшілікке сенің бұл спорт түріне қалай келгенің қызық. Өйткені былайғы жұрт Михаилды осы жарыстан кейін танып-біліп жатыр. Мәнерлеп сырғанаушы болуыңа не түрткі болды? – Мәнерлеп сырғанаумен 6 жасымнан бастап айналыстым. Әкем осы спорт түрінен жаттықтырушы. Алғашында мұз үстінде конькимен сырғанау маған ұнамады. Кейін гимнастикамен айналысамын деп шештім. Бір жылдан соң одан да бас тартып, мұз айдынына қайта оралдым. Міне, содан бері мәнерлеп сырғанау спортында бағымды сынап келемін. Сөз арасында осы спорт түрін таңдауыма түрткі болған тағы бір жағдайды баяндап берейін. 2015 жылы мәнерлеп сырғанаудан Гран-при кезеңі өтті. Сол жарыста Юдзуру Ханю бірнеше мәрте әлемдік рекорд орнатты. Тамаша жетістігімен әлем назарын өзіне аударған жапониялық спортшының өнеріне тәнті болдым. Содан кейін мәнерлеп сырғанаумен айналысуға көбірек уақыт бөле бастадым. Осыдан кейін 2017 жылы Йошкар-Оладағы оқу-жаттығу жиынында жаттықтырушым А.Урмановпен таныстым. Олимпиада чемпионымен бірге жаттығу арқылы өзімді дамыта түстім. Айналдырған бір жылдың ішінде үлкен тәжірибе жинақтадым. 2018 жылы А.Урмановпен бірге жаттығу үшін отбасыммен Сочиге көшіп келдім. Сол сәттен бастап өмірімнің жаңа кезеңі басталды. Алғашында біраз кедергілерге тап болдым, бірақ сол қиындықтардың бәрі мені шыңдай түсті. – Спорттық мансабыңдағы ерекше есте қалған жарыстар деп қай турнирлерді атар едің? – Әзірге төрт құрлық чемпионаты мен жуырда ғана Таллинде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын мансабымдағы ең үздік жарыстардың санатына жатқызамын. Екі турнир де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Трибунадағы жанкүйерлер спортшыларды жылы қарсы алды. Осы екі сайыста мен үздік нәтиже көрсетіп, жаттықтырушыларым мен жанкүйерлерімнің сенімін ақтауға тырыстым. Одан бөлек, Польшаның Гданьск қаласында өткен Гран-придің кіші кезеңі мен Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жарысым да есімнен кетпейді. Екі турнирде де жүлдегерлер қатарынан көріндім. – Спорттан тыс уақытта немен айналысқанды жақсы көресің? – Менің бос уақытым көп бола бермейді. Графигім өте тығыз. Қазір спорт пен оқуды қатар алып жүрмін. Спорттық жарыстарға дайындалуға да уақыт тапшы. Бірақ барынша бәріне үлгеруге тырысамын. Әр күнім мектеп, үй, мұз айдыны арасында өтеді. Жаттығудан соң бірден үй тапсырмасын орындаймын. Ерте ұйықтаймын. Бос уақытымда серуендегенді, достарыммен уақыт өткізгенді және Playstation ойнағанды ұнатамын. – Сұхбатыңызға рақмет!