Мектептегі «дедовщина»: Атырауда 7 бала төменгі сыныпта оқитын оқушының жағын сындырды
Мектептегі «дедовщина»: Атырауда 7 бала төменгі сыныпта оқитын оқушының жағын сындырды
571
оқылды
Бұл жағдай туралы Facebook парақшасында Аликош Романова жазған. Оның айтуынша, оқиға кеше сағат 11 шамасында болған. №36 мектеп-гимназияда оқитын жеті бала өздерінен төменгі сыныпта оқитын оқушыны тепкінің астына алған. Салдарынан баланың жағы сынған. Қазір ол ауруханада. Тез арада бет хирургі оған ота жасап жатыр. Анасының сөзінше, бала қазір ауыр халде. Атырау қаласы Білім бөлімі басқармасы істі бақылауға алғанын сөз етті. – Орын алған оқиға бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мектеп директорына және мектеп әкімшілігіне тәртіптік шаралар қолданылды. Сонымен бірге соққы алған оқушының жағдайы қатаң бақылауға алынады, – дейді Білім бөлімінің басшысы Ф.Шангереева. Ал бұл кезде Атырау облысы Полиция департаменті аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. – Бізде қазір арыз бар. Сол бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мұнда бәрі балалар болғандықтан іс заңды өкілдері, яғни ата-анасы арқылы жүзеге асады, – дейді ПД баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Мейірім Ердәулет. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін №36 мектеп-гимназияға хабарластық. Хатшы қыз бұл жағдайға байланысты ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты. Ал мектеп директорының жиналыстан жақын арада босамайтынын сөз етті. Алайда артынан №36 мектеп гимназияның Facebook парақшасында «Зардап шеккен оқушы дәрігер қарауында. Соққыға жыққан 11-сынып және сол жерде болған барлық оқушылармен, олардың ата-анасымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушылардың барлығы қатаң бақылауға алынды. Мектеп әкімшілігіне және мектептің жауапты қызметкерлеріне тәртіптік шара қолданылды» деп жариялаған. Олардың хабарлауынша, 11 мен 10-сыныптың екі оқушысы өзара сөзге келіп, әжетханада төбелесіп қалған. Жоғары сыныптың оқушысы өзінен кіші оқушыны қатты соққыға жыққан. Артынан оған мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсеткен. Сол төбелес арасында 9-11 сыныптың 6 оқушысы болған екен.